Максим Барышев: "Қарашада 20%-ға дайындалыңдар"

Максим Барышев:
17.10.2025 11:26
0
116
фото: kapital.kz

Максим Барышев базалық мөлшерлеме тағы да көтерілуі мүмкін деді, деп хабарлайды Politico.kz Digitalbusiness.kz жобасына сілтеме жасап.

Астана. 17 қазан. 10 қазанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені бірден 1,5 тармаққа, яғни 18%-ға дейін күрт көтеруі бизнес қауымдастығын біраз дүрліктірді. «Учет» компаниялар тобының негізін қалаушы, экономист Максим Барышев бұл шешімнің бизнеске қалай әсер ететінін және неліктен қараша айында мөлшерлеменің тағы да көтерілуі мүмкін екенін болжады.

Сарапшының пікірінше, Ұлттық банктің бұл қадамы күтпеген және қатаң сигнал. Бірақ оның астарында терең себептер жатыр.

«Инфляциялық өркеш»: бағаның өсуін халықтың өзі жылдамдатып жатыр ма?

Максим Барышевтің айтуынша, қазір елде «инфляциялық өркеш» деп аталатын жағдай қалыптасып келеді. Бұл адамдардың бағаның одан әрі өсуін күтіп, қазірден бастап көбірек зат сатып ала бастауы. Дәл осы үдеріс инфляцияның өзін одан сайын жеделдетеді.

«Қазанға дейін бұл үдеріс кейінге қалдырылған сұраныс есебінен қалыптасты. Бірақ тек мөлшерлемені көтерумен инфляцияны тұрақтандыру мәселесін шешу мүмкін емес екенін түсіну керек. Бәсекелестікті арттырып, халыққа арналған тауарлар ұсынысын көбейту үшін кем дегенде тағы үш министрліктің кешенді тәсілі қажет. Себебі инфляция бәсекелестік өскенде ғана төмендейді», - дейді экономист.

Оның сөзінше, Ұлттық банктің бұл шешімі кәсіпорындар үшін несие мөлшерлемесін көтеріп, тіпті ашық несие желілері бойынша да қарыз алуды тиімсіз етеді. Бұл бизнестің, демек, ел экономикасының дамуын тежейді.

Кімдер зардап шегеді?

Барышевтің болжауынша, мөлшерлеменің қазіргі деңгейінде бизнеске арналған несиелер жылдық 22-25%-дан асады.

«Ең көп зардап шегетін - «ДАМУ» қорының қолдауынсыз, стандартты банк шарттарымен несие алатын бизнес. Бұл, бірінші кезекте, сауда компаниялары, өндірушілер және логистика. Ірі капиталы бар компаниялар мен экспорттаушылар аман қалады, бірақ инвестицияны тоқтатуға мәжбүр болады», - деп атап өтті сарапшы.

Қазірдің өзінде несие саясатының қатаюына байланысты көптеген компаниялар жеткізушілермен төлемді кейінге шегеру туралы келіссөздер жүргізе бастаған. Алайда, жалақы мен салық сияқты кейінге қалдыруға болмайтын шығындар бар. Бұл әсіресе өндірістік кәсіпорындар үшін үлкен тәуекел тудырады.

Ұлттық банк кешікті ме?

Кейбір экономистердің «мөлшерлемені былтыр көтеру керек еді» деген пікірімен Барышев келіспейді. Оның айтуынша, Ұлттық банк мөлшерлемені 2024 жылдың ақпан айынан бастап-ақ көтере бастаған.

«Егер 2026 жылдан бастап салықтың өсуін күтуден қалыптасқан «инфляциялық өркеш» болмағанда, бұл шешімдер инфляцияның төмендеуіне әкелер еді. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов сақтық танытып, басқа министрліктердің кешенді әрекетін күткен болуы мүмкін», - дейді ол.

Кәсіпкерлерге қандай кеңес бар?

Қымбат ақша жағдайында сарапшы бизнеске бейімделуге кеңес береді:

  • Шығындарды қайта қарау, үдерістерді оңтайландыру;
  • Автоматтандыру, аутсорсинг және цифрлық құралдарды пайдалану;
  • Қызметкерлерді қысқартудың орнына, оларды тиімдірек міндеттерге қайта бөлу;
  • Ақша ағынымен жұмыс істеу: алдын ала төлемді ынталандыру, аванстық жүйеге көшу;
  • Айналым циклі қысқа, «жылдам ақша» әкелетін тауарлар мен қызметтерге басымдық беру;
  • Ұзақ мерзімді және ірі капиталды қажет ететін жобаларды уақытша тоқтата тұру.

Болжам: қарашада мөлшерлеме 20%-ға жетуі мүмкін

28 қарашада Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті отырысы өтеді. Максим Барышев бұл жолы да мөлшерлеменің көтерілуіне дайын болу керектігін ескертеді.

«Қараша мен желтоқсан айларында біз болашақ үшін зат сатып алу есебінен «инфляциялық өркештің» жалғасын көреміз. Мен қазірдің өзінде 20% мөлшерлемеге дайындалуға кеңес берер едім», - деп түйіндеді сөзін экономист.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий