Мәмбет Қойгелді: Мұстафа Шоқай мен жарының сүйегін Түркістанға жерлеу қажет

02.10.2026 • 20:54 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мәмбет Қойгелді: Мұстафа Шоқай мен жарының сүйегін Түркістанға жерлеу қажет
114
Фото: ЖИ көмегімен өңделді

Белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді Алаш арыстарының мұрасын ардақтау мен олардың рухына тағзым ету мәселесін үнемі көтеріп келеді. Ол өз сөзінде ұлт қайраткерлерінің сүйегін туған жерге қайтарудың тарихи әрі моральдық маңызына тоқталады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы академик "Хабар" арнасының "Өнер өрнегі" бағдарламасында айтты. 

«Мұстафа Шоқай ғажап тұлға, оны халыққа, жастарға жеткізе алған жоқпыз. Әлі Еуропада жатыр. Өкінішті нәрсе. Мен кезінде президентке Мұстафа Шоқай мен Мәрия Шоқайдың сүйегін елге алып келіп, Түркістанға жерлейік деп хат жаздым. Мұстафа Шоқай мен Мәрия Шоқайдың сүйегін елге әкеліп, Түркістанда жерлеу — халықтың көрсеткен үлкен құрметі болмақ. Мына біз қазір қарасақ, Әлихан Бөкейхановтың сүйегі қайда жатқанын білмейміз. Ахмет Байтұрсыновтың сүйегінің де қайда жатқаны белгісіз. Әйтеуір Міржақып Дулатовтың сүйегінің бір бөлігін алып келіп, Торғай даласына жерледік, ағамыз сонда жатыр. Ал енді біздің саясатпен айналысатын, тарихын білгісі келетін жастарымыздың баратын, тағзым етіп, зиярат ететін орны болуы керек қой.Неге біз осыны ойластырмаймыз? Неге бұл парызымызды кейінге қалдырамыз? Бұл міндетті неге орындамаймыз деген сұрақ туындайды», — деді Мәмбет Қойгелді.

Отаннан жырақта жүріп ел азаттығын армандаған тұлғалардың аманатын орындау — қазіргі ұрпақтың перзенттік әрі азаматтық борышы. Мұстафа Шоқай мен оның жары Мәрия Шоқайдың сүйегін туған топыраққа жерлеу тарихи әділдікті орнатудың басты қадамы болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өткенге деген құрметін көрсетеді. Тарихшы бұл қадамның болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін баса айтады.

«Мұстафа Шоқай мен Мәрия Шоқай апамыздың екеуінің де сүйегін осында әкеліп, ресми түрде жерлеуіміз керек. Бұл — біздің борышымыз әрі парызымыз. Шоқай шетелге өз еркімен кеткен жоқ, оны қуғындады ғой. Ол сонда жүріп: «Еліме қашан барамын, қашан жетемін?» — деп армандаумен өтті. Ал біз сол Шоқайдың сүйегін әлі де елге жеткізген жоқпыз. Бұл, меніңше, бүгінгі ұрпақтың басты міндеті деп ойлаймын», — деді Мәмбет Қойгелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий