Маңғыстауда жол апатынан қаза болған жеті әйелдің кім екені анықталды

Маңғыстау облысында 11 қыркүйекте Бекет ата қорымына барар жолда болған ірі жол апаты салдарынан қаза тапқан адамдардың аты-жөні белгілі болды. Toyota Hiace көлігінің қатысуымен болған қайғылы оқиғада 10 адам көз жұмып, тағы үшеуі жарақат алған. Марқұмдардың көпшілігі әйелдер екені анықталды.
Ресми мәлімет бойынша, қаза тапқандардың ішінде Жаңаөзен, Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларының тұрғындары мен Қазақстан азаматтығын алған Ресей тумасы бар. Жеті марқұмның аты-жөні жарияланды: Сатыбалдиева Рахима Сардарқызы (1960 жылы туған, Жаңаөзен тұрғыны), Аманжолова Гүлсім Қосайқызы (1969 жылы туған, Жаңаөзен тұрғыны), Джимбаева Агорн (1958 жылы туған, Жаңаөзен тұрғыны), Оразбаева Ғалия Қайнулинқызы (1989 жылы туған, Астана тұрғыны), Измайлова Сәуле Әбілқасенқызы (1968 жылы туған, Қарағанды тұрғыны), Виденская Лариса Александровна (1969 жылы туған, Қарағанды тұрғыны, Ресейде туған), Вострецова Наталья Николаевна (1974 жылы туған, Теміртау тұрғыны).
Қаза тапқандардың арасында көпбалалы аналар да бар. Мәселен, 30 жылдан астам уақыт бойы "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинатында токарь болып жұмыс істеген, жеті бала тәрбиелеген Вострецова Наталья Николаевна жақында ғана жергілікті басылымға сұхбат беріп, еңбегі мен отбасы жайлы әңгімелеген екен. Ал марқұм Аманжолова Гүлсім Қосайқызының қызы Ақмарал Instagram желісінде анасына: «Бүгін өмірімдегі ең ауыр күн! Жүрегім езіліп тұр… Алла анамның күнәларын кешсін» – деп жазба арнап, қайғысын бөлісті.
Соңғы жаңалықтар




