«Мәселе көп»: Шәкір Кейкин Атырау халқымен неге шұғыл қоштасты?

14.09.2026 17:31 Әсел МҰРАТ
«Мәселе көп»: Шәкір Кейкин Атырау халқымен неге шұғыл қоштасты?
109
Фото: ашық дереккөз

Бүгін ғана қызметінен кеткен Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазба қалдырып, Атырау халқымен қоштасып, қала тұрғындары мен әріптестеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шәкір Кейкин шаһар тізгінін 2023 жылдың шілде айынан бастап ұстап, осы кезеңде қаланың дамуына үлес қосу үлкен жауапкершілік әрі мәртебе болғанын атап өтті.

Ол Атырау қаласын 2023 жылдың шілдесінен бері басқарды. Үш жылдан астам уақыт ішінде шаһардың инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асқан.

Қала әкімі қызметінде болған кезеңінде тұрғындармен жүздеген кездесу өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, кездесулер барысында қала тұрғындарының ұсыныстары мен мәселелері тікелей тыңдалып, бірқатар мәселе жедел шешімін тапқан. Кейбір проблемаларды шешуге ұзақ уақыт қажет болған.

«Осы уақыт ішінде қаланың инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әрине, шешімін күткен мәселелер де, алда атқарылатын жұмыстар да бар. Қаланың дамуы - бір адамның емес, барша тұрғынның ортақ еңбегінің нәтижесі.Осы жылдар ішінде қала тұрғындарымен жүздеген кездесу өткізіп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тікелей тыңдадық. Кей мәселелерді бірден шешуге мүмкіндік болса, кейбірінің шешімі уақытты қажет етті. Бірақ әр мәселе назардан тыс қалмауы үшін жұмыс жүргізілді», - деп жазды ол.

Кейкин өз жазбасында 2024 жылы Жайық өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуін де еске алды. Атырау үшін күрделі кезеңде қалада тәулік бойы жұмыс жүргізілген. Ол осы уақытта тұрғындардың ұйымшылдығы мен бірлігін ерекше атап өтті.

«Сол сәтте мен Атырау халқының бірлігін, ұйымшылдығын және туған қаласына деген жанашырлығын анық көрдім. Бұл – менің қызмет жолымдағы ең маңызды сәттердің бірі», – деп жазды ол.

Шәкір Кейкін өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен облыс басшылығына, әріптестеріне, қаладағы мекеме мен ұйым қызметкерлеріне, еңбек адамдарына, қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге алғыс айтты.

Ол Атыраудың болашағы зор қала екенін айтып, шаһардың одан әрі дамуы оның әр тұрғынының еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты екенін жеткізді.

«Қала әкімі ретінде қызмет еткен жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. Атыраудың әр жетістігі мен үшін қымбат», – деді Шәкір Кейкін.

Еске салайық, Шәкір Кейкін Атырау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылдың шілдесінде тағайындалған болатын. Бүгін оның бұл қызметтен кеткені белгілі болды.

Биыл маусым айында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. ҰҚК бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде қала әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовтың да ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК бұл жағдай бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ұсталғандар туралы жаңалықтардан кейін Атырау тұрғындары қала әкімі Шәкір Кейкіннің қайда жүргенін және оның не себепті көпшілік алдына шықпай кеткенін сұрай бастады. Сол кезде Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері оның еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша демалыста болғанын, кейін жұмысқа шығып, өз міндетін атқарып жүргенін айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий