"Маскадағы жігіт" 13 жастағы мүгедек қызға баспана мен емге қаржы сыйлады

01.07.2025 09:33
0
91
ашық дереккөзден

Қоғамда аты-жөні беймәлім күйде қалып, тек қайырымдылық істерімен танылып жүрген бетперделі азамат кезекті игі ісімен жұрттың назарын аударды.

Бұл жолы ол 13 жастағы үшінші топтағы мүгедек Алиме есімді қыз бен оның отбасына көмектесіп, жүрек тебірентерлік жомарттық танытты. Алиме ұзартылған QT интервалы синдромы диагнозымен өмір сүріп келеді. Бұл сирек кездесетін жүрек ауруы жиі есінен тануға, күтпеген жағдайда құлауға себеп болады. Оның жағдайын тұрақтандыру үшін кардиодефибриллятор орнату қажет, алайда бұл құрылғының бағасы отбасына тым қымбат болған. Анасы екеуі күнкөріс пен ем-домға қажетті қаражатты қолдан білезік тоқып сатып табуға тырысып жүрді. Алиме тек таяқтың көмегімен жүріп-тұрады, сол аяғы туабітті қысқа. Оның айтуынша, әр түн сайын ұйқыға жатарда көмек қолын созар жан табылар деген үмітпен Жаратқанға жалбарынады.

Осы жанайқай көпшіліктің жүрегіне жетіп, қайырымды азаматтың жүрегін тербегендей. Ол тек медициналық көмек пен оқуына қажет барлық шығынды өтеумен шектелмей, Алиме мен анасына жаңа пәтердің кілтін де тарту етті. Мұндай тосын сыйды күтпеген ана мен бала қуаныштан көз жасын тия алмады.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, ел ішінде жылы ықылас пен қолдау тудырды. Белгісіз меценаттың шынайы жанашырлығы мен жомарттығы қоғамда үміт пен сенім ұялатып, қайырымдылықтың шынайы бейнесін паш етті. Мұндай игі істер адамгершілік пен мейірімділіктің биік үлгісі болып қала бермек.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий