«Мазақ сияқты»: Ресейде Қазақстан әнұранының орындалуы қызу талқыға түсті

30.03.2026 11:00 Әсел Мұрат
«Мазақ сияқты»: Ресейде Қазақстан әнұранының орындалуы қызу талқыға түсті
236
Фото: видеодан скрин

Санкт-Петербургте өткен «Зенит» – «Қайрат» матчында Қазақстан гимнінің орындалуы әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

28 наурызда Санкт-Петербургте өткен жолдастық матчта ресейлік «Зенит» қазақстандық «Қайратты» қабылдады. Кездесу «Газпром Аренада» өтті.

Алаң иелері бразилиялық қорғаушы Нино мен ресейлік шабуылшы Александр Соболевтің голдарының арқасында 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Матч алдында Мариин театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сергей Семишкур Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Алайда дәл Қазақстан әнұранының орындалуы әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.

Кейбір пайдаланушылар әншінің қазақ тіліндегі акцентіне назар аударып, орындау сапасына сын айтты. Олардың пікірінше, гимнді акцентсіз әрі дұрыс айту маңызды.

«Шынымен акцентсіз айтуға болмай ма? Қызық, басқа әлемдік шығармалар да осылай орындала ма екен? Бұған қуанып тұрған жоқпын».«Не айтарымды да білмеймін: бір жағынан жағымды, бірақ екінші жағынан мазақ сияқты көрінеді. Егер «Зенит» бізге келіп, біз Ресей гимнін өз акцентімізбен орындасақ, оларға қалай болар еді?» - деп жазды желі қолданушылары.

Ал бірқатар қолданушылар бұл жағдайды керісінше оң бағалап, оны Қазақстанға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде қабылдады. Олар тілдегі акцент табиғи құбылыс екенін және бастысы — ниет пен құрмет екенін атап өтті.

«Бұл ең алдымен олардың бізге деген құрметін көрсетеді. Өзара құрметпен, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру керек. Ресей өзінің достас мемлекет екенін көрсетті». «Қазақ орысша акцентпен сөйлесе, біз «неге ол орысша сөйлейді» деп айтпаймыз ғой. Сөйлей берсін — акцентпен болса да, қателіктермен болса да, бастысы айтты емес пе? Біз де бәрін бірден мінсіз айта алмаймыз, уақыт өте келе бәрі түзеледі» - жеп жазды желі қолданушыларының бір бөлігі.

Осылайша, әнұранның орындалуы қоғамда пікірталасқа себеп болды. Соған қарамастан, көпшілік халықаралық матч алдында Қазақстан гимнінің шырқалуы маңызды әрі символдық мәні бар қадам екенін атап өтті.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий