Мәжілісменді өкпелетіп алған журналист тағы бір депутаттан тізерлеп отырып сұхбат алды
Арбамен жүретін мәжілісмен Ерлан Абдиев өзінен сұхбат алу үшін тізерлеп отырған журналист туралы жазба жариялап, суретін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат жариялаған суреттегі журналист – Ақбөпе Тәңірберген.
«Бір сұхбат барысында ерекше бір сәт болды. Журналист қыз менімен көз деңгейінде сөйлесу үшін тізерлеп отырды. Бұл күтпеген, бірақ терең мағыналы, үлкен әдеп пен құрметтің белгісі еді. Теңдік — адамның бойында және ар-ұятында. Ал инклюзия — сөзден бұрын іс-әрекетпен өлшенеді. Құрмет осындай қарапайым қадамдардан басталады», — деп жазды ол.
Депутаттың оқырмандары қолдау білдіріп, жылы пікірлерін жазды.
«Фотодан жылулықты көрдім», «кәсібилік пен парасат деңгейі көрініп тұр» және «Пайғамбарымыз с.ғ.с өзінен бойы төмен адаммен биік тұрып сөйлеспеген. Тіпті кішкентай баламен тізерлеп отырып тілдескен екен. Бұл нағыз сүннет амал жасап тұр», «Адам иiлген сайын ризық- несибесi артады» деп жазды желі қолданушылары.
Айта кету керек, кулуарлардың бірінде дәл осы журналист Ақбөпе Тәңірбергеннің сұрағына Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы өкпелеп, тосын мінез көрсеткен еді. Халық қалаулысы өзіне қойылған сауалға жауап берудің орнына эмоцияға ерік беріп, сұхбатты үзіп тастады.
Оқиға журналист Ақбөпе Тәңірбергеннің кәсіпкерлердің саясатқа араласуы жайлы сұрағынан басталды. Тілші депутаттан бизнес өкілдерінің не себепті Парламентке депутат болуға көптеп келіп жатқанын сұраған еді. Депутат бұл сауалға қарсы сұрақ қойып нақты кімді меңзеп тұрғанын анықтамақ болды.
Соңғы жаңалықтар