Депутат Болатбек Нажметдинұлы журналистің сұрағына өкпелеп қалды (ВИДЕО)
Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы үкімет кулуарында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тілдесу барысында тосын мінез көрсетті. Халық қалаулысы өзіне қойылған сауалға жауап берудің орнына эмоцияға ерік беріп, сұхбатты үзіп тастады, деп хабарлайды Politico.kz
Оқиға журналист Ақбөпе Тәңірбергеннің кәсіпкерлердің саясатқа араласуы жайлы сұрағынан басталды. Тілші депутаттан бизнес өкілдерінің не себепті Парламентке депутат болуға көптеп келіп жатқанын сұраған еді. Депутат бұл сауалға қарсы сұрақ қойып нақты кімді меңзеп тұрғанын анықтамақ болды. Журналист мысалға депутаттың әріптестері және олардың қатарында өзі де бар екенін айтқан жауабына Болатбек Нажметдинұлы эмоцияға ерік беріп, артынша теріс айналып кете барды.
«Мына депутат каналыма хабарласса не болады екен деп уайымдап жүрмін...», — деп жазды Ақбөпе Тәңірберген.
Айта кету керек бұл депутаттың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен алғашқы текетіресі емес. Жақында ғана Болатбек Нажметдинұлы белгілі журналист Михаил Козачковпен болған сот процесінде жеңіліс тапқан болатын. Даудың басы депутаттың бұрын сотталғаны және оның отбасылық жағдайы жайлы жарияланған деректерден басталған еді.
2001 жылдың 8 мамырында қазіргі мандат иесі сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол кезеңде шенеунік мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыс жасағаны, дәлірек айтқанда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Кейіннен ол рақымшылық актісіне ілігіп мемлекеттік қызметке қайта оралған.
Белгілі болғандай, оның жанұясы жүк тасымалдаумен айналысатын ірі компанияға иелік етеді. Журналист Козачков депутаттың Мәжіліс мінберінде осы кәсіптің мүддесін қорғап, мәселе көтеріп жүргенін жазған болатын.
Соңғы жаңалықтар