Мектеп оқушылары қарт әжейдің өмірін құтқарды

Абай облысында мектеп оқушылары жалғыз тұратын 85 жастағы әжейдің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Жас Сарбаз» сыныбының оқушылары «Қарияларға құрмет» акциясы аясында қарт кісілерге көмек көрсетіп жүрген. Кезекті рет аула тазалауға барған Расул Бақтыбеков, Ертай Аипказы және Ерасыл Дәуитхан есімді оқушылар жалғыз тұратын Фелисада Арабеждің екі күн бойы үйінен шықпағанын байқап, көршілерінен сұрастырады.
«Үйде жарық жанып тұрды, бірақ әжей есікті ашпады. Бұл бізге күдік тудырды. Көршілерінен оның соңғы рет қашан көрінгенін сұрадық. Олар екі күн бұрын ғана көргендерін айтты. Біз тез арада әрекет етуге шешім қабылдадық», – дейді Ертай Аипказы.
Оқушылар көршілердің көмегімен үйдің терезесін сындырып, ішке кірген. Сол кезде олар ес-түссіз жатқан қарт әйелді тауып, дереу жедел жәрдем шақырады.
Абай облысының әкімдігі оқушылар мен олардың жетекшісіне батылдықтары мен жанашырлықтары үшін алғыс айтты. Қазіргі таңда 85 жастағы Фелисада Арабеж ауруханада ем қабылдап жатыр.
Соңғы жаңалықтар





