«Мені ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі»: Түркістандағы жалғызбасты ана Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Түркістан облысында тұратын жалғызбасты ана Фаузия Ахметова өзін белгісіз адамдар ұрлап әкетіп, күштеп оңалту орталығында 10 күн бойы ұстағанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әйелдің айтуынша, оқиға 2025 жылдың 25 сәуірінде таңғы сағат 5:30 шамасында Түркістан қаласындағы үйінде болған. Үш ер адам оны балалардың көзінше күштеп алып кетіп, Шымкенттегі «Көмек центр» деп аталатын орталыққа апарған. Бұл мекеме өзін оңалту орталығы деп таныстырғанымен, ешқандай медициналық немесе заңды негізсіз оны ұстап отырған.
«Мен есірткіге де, психотроптық заттарға да қатысым жоқ. Денсаулығым жақсы, еш жерде тіркеуде тұрмаймын. Соған қарамастан, мені күшпен ұстап, ұрып-соғып, құжаттарға қол қойғызды. Қарсыласқаным үшін дәрі беріп, есімді жоғалтып қалатын жағдайға жеткізді. Бірнеше рет аяқ-қолымды скотчпен байлады. Тіпті өз-өзіме қол жұмсауға тырыстым», – деді әйел видеоүндеуінде.
Фаузия Ахметова тек 5 мамыр күні ғана туыстарымен хабарласып, солардың көмегімен орталықтан шыққан. Сол уақытқа дейін жедел жәрдем шақыруға да мүмкіндік берілмеген. Ол орталықта кәмелетке толмаған балалардың да заңсыз ұсталып отырғанын көргенін айтты. Полицияға арыз жазғанымен, тергеу жұмыстары басталмаған. Бұл жағдай оның құқық қорғау органдары мен орталық арасында байланыс бар деген күмән тудыруда. Шымкент қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Айтуларынша, орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттар мен екі тараптың дәлелдері қаралуда. Фаузия Ахметова кінәлілердің жазалануын сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
«Менің заңсыз ұсталғаным, зорлық-зомбылыққа ұшырауым, орталықтың лицензиясыз жұмыс істеуі, балалардың да сол жерде күштеп отырғаны, полицияның әрекетсіздігі – бәрі мені қатты алаңдатады. Балаларымның қауіпсіздігі үшін қорқамын. Осы істі жеке бақылауыңызға алып, әділетті тергеу жүргізілуін сұраймын», – деді Президентке үндеу жолдаған видеодағы келіншек.
Соңғы жаңалықтар





