Миллиардер Патох Шодиевтің қызы Қазақстанның дипломатиялық паспортын заңсыз алған

Миллиардер Патох Шодиевтің қызы Қазақстанның дипломатиялық паспортын заңсыз алған
02.10.2025 11:08
0
370
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ
«Выход к морю» телеграм-арнасы Eurasian Resources Group компаниясының қожайындарының бірі, белгілі өзбек бизнесмені Патох Шодиевтің қызына қатысты жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Арнаның жазуынша, бизнесменнің қызы Муниса Шодиева бірнеше шетелдік азаматтығы бола тұра, Қазақстанның дипломатиялық паспортын заңсыз алған.

Қазақстан заңнамасы бойынша, елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Алайда дереккөздің мәліметінше, Муниса Шодиева бұл құжатты алған кезде Бельгия мен Ресейдің азаматы болған. Оған қоса, дипломатиялық паспорт тек жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге ғана беріледі. Ал Муниса Шодиева мемлекеттік қызметте болмаған және Қазақстанда тұрмаған, уақытының көп бөлігін Лондон мен Мәскеуде өткізген.

Ол алғашқы дипломатиялық паспортты 2003 жылы қаңтарда алып, он жылдан кейін жаңартқан. Арнаның болжамынша, Сыртқы істер министрлігі оның басқа азаматтықтары барын біле тұра көз жұма салған. Бұған Шодиевтер отбасының сол кездегі билікпен, атап айтқанда Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігімен жақсы қарым-қатынасы себеп болуы мүмкін.

Дереккөз бұл паспорт Муниса Шодиеваға не үшін қажет болғанын да болжайды. Сол жылдары оның әкесі Патох Шодиевтің үстінен Бельгияда ақша жымқырды деген айыппен іс қозғалған. 15 жылға созылған бұл тергеу кезінде Шодиевтер отбасы Бельгия азаматтығынан айырылып қалу қаупінде болған. Сондықтан Мунисаның қазақстандық диппаспорты, егер оның әкесі Бельгия билігімен келісе алмаған жағдайда, сақтық шарасы ретінде жасалған.

Шодиевтер отбасының мәселесі тек Бельгиямен шектелмейді. Ұлыбритания парламентінде Мунисаның әкесінің аты «қазақстандық клептократтар» тізімінде аталған. Лейбористер партиясының өкілі олардың Ұлыбританиядағы активтерді иемденуінің заңдылығын тексеруді талап еткен.

Британдық жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес, Шодиевтер отбасының Лондонда Темза өзеніне қарайтын «Panoramic» тұрғын үй кешенінде екі пәтері мен төрт көлік орны бар. 2000 жылы олар бұл мүлік үшін 5 миллион фунт стерлингтен астам қаржы төлесе, қазір оның құны 10 миллион фунт стерлингке немесе 7,4 миллиард теңгеге бағаланады. Дәл осындай сомаға Мәскеу түбіндегі танымал Рублевка тас жолындағы иеліктері де бағаланып отыр.

Қазіргі таңда Муниса Шодиева әкесімен бірге Қазақстанда бұрынғы серіктесінің ұлы Шухрат Ибрагимовпен «Еуразиялық қаржы компаниясын» бақылау үшін соттасып жатыр. Жергілікті БАҚ бұл текетіресте Ибрагимовті «жалғыз қазақстандық» деп атап жүр. Алайда, арнаның жазуынша, қолында Қазақстанның дипломатиялық паспорты бар Муниса Шодиеваның да бұл дауға қатысты «қазақстандық» екені белгілі болып отыр.

Айта кетейік, дәл осы «Выход к морю» арнасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің серігі болған Айгүл Нұриеваның шетелдегі жаңа активтері туралы алғаш болып жазған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий