Министр ескі пойыз вагондары мәселесіне жауап берді

Қазақстандықтар ескі және суық пойыз вагондарына қатысты шағымдарын білдірді. Бұл мәселеге қатысты министр Марат Қарабаев үкімет отырысындағы брифингте жауап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Журналистер Астана–Қостанай бағыты бойынша қатынайтын пойыздардағы жағдайға назар аударды.
"Адамдарды мал сияқты тиелгендей қылып, суық вагондарда тасымалдайды. Жолаушылар ауырып қалып жатыр. Бұл вагондарды қашан жаңартасыздар?" – деген сұрақ қойылды министрге.
Министрдің айтуынша, вагондарды бірден жаңарту мүмкін емес. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2 672 жолаушылар вагоны бар, оның 943-і 28 жылдан астам уақыт бойы қолданыста.
"Бұл вагондарға ресурсын ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, содан кейін олар әрі қарай пайдаланылады", – деді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, жағдайды жақсарту мақсатында 2023 жылдан бастап жаңа жолаушылар вагондарын сатып алу айтарлықтай арттырылған. Биыл 226 жаңа вагон жеткізілуі жоспарланған.
Министр ескі вагондарды бірден алып тастау билет тапшылығына әкелетінін де атап өтті.
"Соңғы екі жылда біз вагон паркін айтарлықтай жаңартып, оларды ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді министр Қарабаев.
Соңғы жаңалықтар





