Министр КАМАЗ-ға жасырынып, жолда 62 полицейдің пара алғанын әшкереледі

29.07.2026 15:37 Томирис САҒЫНДЫҚ
Министр КАМАЗ-ға жасырынып, жолда 62 полицейдің пара алғанын әшкереледі
95
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, публицист және Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкім экс-министр Қайырбек Сүлейменов жасаған экспериментті еске алды. Айтуынша, экс-министр КАМАЗ көлігіне жасырынып, жол-жөнекей қанша полицейдің пара сұрайтынын есептеп отырған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қайырбек Сүлейменов деген министр болды. Ол Шымкенттен шыққан КАМАЗ-дың ішіне жасырынып отырып, жолда жүргізушілерден кімнің қанша пара алатынын тексерген еді. Шымкенттен Алматыға, одан Астанаға жеткенше ГАИ қызметкерлері оларды 62 рет тоқтатып, пара алған екен. Біз тек осы жалғыз министрді білеміз. Ал пойызға отырып, халықпен бірге жүрген басқа министрді немесе депутатты көрдіңіз бе? Білмейсіз. Олардың бәрі елден, халықтан ажырап қалған, шенеунікке айналып кеткен. Айтатын сөздері де, істейтін істері де сондай», — деді Жанұзақ Әкім.

Ары қарай ол Нығматуллиннің Дубайда елуден астам үйі барын еске салып, оны адал ақшаға алғанына күмән келтірді.

«Енді «Ескі Қазақстан» дейміз... Бұрынғы президенттен бастап, оның айналасындағылардың бәрі Дубайға қашып, қаңғырып кетті. Тіпті Қазақстан азаматтығынан шығып жатыр. Бұл не деген масқара! Кезінде ел басқарған адамдарда ешқандай ары-ұяты мен қадір-қасиеті де қалмаған. Олар осы уақытқа дейін тек елді тонап, сатумен айналысты. Мысалы, қазір Дубайдағы мүліктер әшкереленіп жатыр. «Азаттық радиосының» зерттеуінде Нығматулиннің Дубайда 51 үйі бар екені көрсетілді. Бұл мүлік оған әкесінен мұраға қалды ма?» — деп таңданды сарапшы.

Войдите, чтобы оставить комментарий