Министр Саясат Нұрбектің дипломына қатысты дау шықты

Журналист Гүлбану Әбенова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жоғары білімі туралы ақпаратты жасырып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ ақпарат порталы.
Журналист Саясат Нұрбектің жоғары білімі туралы мәліметтердің ашықтығына күмән келтірді. Оның айтуынша, министрлік шенеуніктің дипломына қатысты ресми сауалға толыққанды жауап бермей, құжат көшірмелерін ұсынудан бас тартқан.
Журналистің күдігіне министрдің ресми өмірбаянындағы бір дерек негіз болған. Онда Саясат Нұрбектің 2005-2006 жылдары Италияның La Sapienza университетінде бір жыл ғана «магистратурада» білім алғаны көрсетілген. Әбенованың пайымдауынша, Италияда толыққанды академиялық магистр дәрежесін (Laurea Magistrale) алу үшін екі жыл оқу қажет.
«Италияда академиялық магистратура (Laurea Magistrale) екі жылға созылады. Бір жылдық бағдарлама бұл магистратураға дайындық немесе біліктілікті арттыру курсы болып саналады және толыққанды магистр дәрежесіне теңестірілмейді. Біздің шенеуніктер көбіне бір жылдық біліктілікті арттыру бағдарламасы болса да, сырт көзге «магистратура» деп жазады», – деп жазады Әбенова.
Осыған сүйенген журналист, Саясат Нұрбек қоғамды «академиялық магистр дәрежесі бар» деп жаңылыстырып отыр, ал шын мәнінде оның тек бакалавр дипломы ғана болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Соңғы жаңалықтар





