Министрдің туыстары Солтүстіктегі агробизнесін дөңгелетіп әкеткен

04.08.2026 12:04 Қарақат АСЫЛОВА
Министрдің туыстары Солтүстіктегі агробизнесін дөңгелетіп әкеткен
225
Фото: t.me/aidarbeksaparov

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың туған ағасына тиесілі «Булаев Астық» элеваторы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 234,7 млн теңге пайда тапқан, деп хабарлайды Курсив.

Астық қабылдау, сақтау және кептірумен айналысатын кәсіпорынның табысы 2024 жылғы 179,4 млн теңгеден 30,9 пайызға өсіп, жалпы түсімі 2025 жылы 735,4 млн теңгеге жеткен. Қаржылық құжаттарға сәйкес бұл қаражаттың негізгі бөлігі астықты сақтау мен жөнелтуден түссе, 2025 жылдың соңында компанияның бөлінбеген пайдасы 552,3 млн теңгені құраған. Бұл кәсіпорынның жалғыз құрылтайшысы – ведомство басшысының үлкен ағасы Сапар Қайырбек Сейпілұлы. Ол сонымен қатар елордалық «Строймонтажпроф» компаниясының да басшысы қызметін атқарады. Ашық дереккөздерде 2014 жылы аталған элеватордың қуаттылығы 30 мың тоннаны құрағаны туралы ақпарат бар.

Министрдің туыстары басқаратын табысты бизнестің басым бөлігі Айдарбек Сапаровтың саяси мансабы қалыптасқан өңірде шоғырланған. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше шенеуніктің тағы бір бауыры Алтынбек Сапаровқа тиесілі «Ноғайбай» серіктестігі 2019-2020 жылдары өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттен 713,5 млн теңге көлемінде қолдау алған. Айдарбек Сапаровтың өзі 1995-2003 жылдары осы мекеменің директоры болып, 2009 жылға дейін компанияның тең құрылтайшысы атанған, ал кейін бизнес толығымен бауырының иелігіне өткен. Сондай-ақ Алтынбек Сапаров Петропавлдағы мешіт қорының иесі ретінде де тіркелген.

Журналистер тарапынан туыстарының бизнесіне қатысты мүдделер қақтығысы туралы сұрақтар жиі қойылғанымен, министр олардың жалпы негізде жұмыс істейтінін алға тартып, агробизнеске қамқорлық жасады деген айыптауларды жоққа шығарған. Дегенмен Сапаров мырзаның қызметтік өсуі мен туыстарының кәсібі қатар өркендегенін байқауға болады, өйткені ол 2008-2010 жылдары дәл осы «Булаев Астық» элеваторы орналасқан Мағжан Жұмабаев ауданын басқарып, кейін он жылға жуық уақыт облыс әкімінің орынбасары, бірінші вице-министр және өңір басшысы қызметтеріне дейін көтерілген.

Агробизнеске шенеуніктің өзге де жақын адамдары белсенді араласады. Министрдің жұбайы Ботагөз Сапарова «Сейпіл Мәлік» шаруа қожалығын басқарса, ұлы Нұрсұлтан Сапаров астық және мал өсірумен айналысатын «Нұр-Агро» компаниясының тең құрылтайшысы болып саналады, ал қызы Сұлушаш мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жиені Әділхан Арыстановқа тұрмысқа шыққан.

Айта кетейік, жақында министрдің ұлы аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий