Мүфтият қандай коллагенді қолдануға тыйым салынғанын түсіндірді

21.11.2025 17:16 Арман Ермеков
Мүфтият қандай коллагенді қолдануға тыйым салынғанын түсіндірді
0
70
Фото: ҚМДБ

Бүгінде жас көрінгісі келетін жандар арасында коллаген ішу сәнге айналды. Алайда косметика мен тағамдық қоспаларда кеңінен қолданылатын бұл ақуыздың бәрі бірдей шариғатқа сай келе бермейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған өнімді тұтынуға қатысты арнайы пәтуа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғұламалар кеңесінің түсіндіруінше, коллагеннің үкімі оның шикізаты қайдан алынғанына тікелей байланысты. Себебі бұл зат негізінен жануарлардың сүйегінен, терісі мен сіңірінен, сондай-ақ балықтың қабыршағынан алынады.

Мүфтият ең алдымен шошқадан жасалған өнімдерге қатаң тыйым салынғанын ескертті. Доңыздың еті мен майы ғана емес, одан алынған кез келген зат нәжіс саналатындықтан, мұсылман баласына оны қолдануға рұқсат жоқ.

Есесіне, балықтан алынған коллагенді еш күмәнсіз тұтынуға болады.

«Балық – адал, әрі ол бауыздауды қажет етпейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) теңіз суының таза екенін, ал оның өлексесі адал саналатынын айтқан», – делінген хабарламада.

Ал ірі қара, қой секілді жануарларға келгенде абай болған жөн. Егер мал шариғат шартымен, «бісміллә» айтылып бауыздалса, одан алынған коллаген адал болып есептеледі. Ал егер еті желінетін мал болса да, дұрыс сойылмаса немесе еті арам жануарлардан алынса, ондай өнімді ішуге болмайды.

Дегенмен, дін мамандары бір ерекше жағдайды атап өтті. Бұл – көпшілік біле бермейтін нәзік тұс.

Егер харам саналатын шикізат химиялық өңдеуден өтіп, өзінің бастапқы табиғи болмысынан толық айырылса және құрылымы мүлдем басқа затқа айналып кетсе ғана оны қолдануға рұқсат етілуі мүмкін. Ал егер химиялық құрамы түбегейлі өзгермесе, тыйым күшінде қалады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий