Мұрат Есжан: «Оян, қазақ!» өзге ұлттарға қарсы шығу үшін түсірілмеді

01.09.2026 15:15 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мұрат Есжан: «Оян, қазақ!» өзге ұлттарға қарсы шығу үшін түсірілмеді
49
Фото: Айсәуле Әбілда

Фильм режиссері Мұрат Есжан «Міржақып. Оян, қазақ!» туындысының кассалық табысы, Алаш қайраткерлерінің тарихи бағасы және қазіргі жастардың қоғамдық белсенділігі туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде тарихи драманың түсірілу барысы мен ондағы басты идеяларға кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Мұрат Есжан "Дөпсөз" подкастында әңгімеледі. 

Кинорежиссердің айтуынша, картинаның прокатка сәтті шығуы қоғам тарапынан тарихи тұлғаларға деген сұраныстың жоғары болуымен тығыз байланысты. Ол бұл туындының сәттілігі көрерменнің ұлттық тарихқа деген ерекше ықыласын көрсеткенін атап өтті.

«Оян, қазақ!» фильміне қатысты пікірлердің бәрін естіп жүрмін. Осыған байланысты біраз кісі өз ойын білдірді. Фильмнің кинотеатрлардағы үлкен жетістікке жету себебі — оның уақытылы шығуында деп ойлаймын. Туынды халықтың сұранысына, яғни тарихи тұлғаларға деген қызығушылығына дәл келді. Өз басым, сәл де болсын дұрыс жеткізе алған шығармыз деп топшылаймын, бұл да әсер еткен болар. Түптеп келгенде, тарихи тақырыптар бұрын да түсіріліп жүрді ғой. Оның үстіне, Мыржақыптың өзі де тұлға ретінде өте мағыналы, оқиғаларға толы өмір сүрген адам. Қай жағынан алсаңыз да, оның өмірі белсенді әрекеттерге толы: ағартушылығы, жазушылығы, махаббаты, отбасы мен қызы бар. Ол — бүтін әрі толымды тұлға», — деді Мұрат Есжан.

Сонымен бірге ол Алаш арысы Міржақып Дулатұлының тарихи тұлғасы ұзақ уақыт бойы тиісті дәрежеде насихатталмай келгенін атап өтті. Сондай-ақ режиссер қайраткер еңбектерінің кеш ақталуы мен кейінгі ұрпаққа жеткен мұрасы туралы сөз қозғады.

«Ойымда бұрыннан жүрген бір өкініш бар еді: біз Әлихан мен Ахметті, поэзия десе Мағжанды жиі айтамыз, ал Мыржақыпқа тиісті толық баға берілмей жүрген сияқты болып көрінетін. Қандай керемет тұлға, бірақ насихаты аз ба деймін... Оның үстіне, ол кісі кеш ақталды ғой. Фильмде айтылғандай, Амангелдінің өліміне қатысты айыптауларға байланысты, тіпті сол ақталу кезеңінде де біраз адам «ақталмасын» деп хат жазған екен. Содан оның кейбір еңбектері кешірек жарық көріп, насихаты аздау болып қалған. Енді соның есесі қайтқан сияқты, мен соған қуандым. Қазір жұртшылық Мыржақыпты толық таниды деп ойлаймын. Соған кішкентай болсын үлесіміздің қосылғанына қуаныштымыз», — деді кинорежиссер.

Режиссер «Оян, қазақ!» ұранының саяси астары жоқ екенін, оның негізгі мәні білім мен дамуға ұмтылу екенін түсіндірді. Оның пікірінше, бұл ұран барша Қазақстан азаматтарын бірлік пен ізденіске шақыратын рухани қозғаушы күш.

«Оян, қазақ!» — бұл рухани, білімдік және кәсіби ояну. Мыржақыптың өзінің «Оян, қазақ!» кітабында да ұстанымы осындай: «Қалып бара жатырсың, оқу керек, білім алу керек, ғылымды дамыту керек» дейді. Ал оны кейінгі кезде саяси ұрандарға ұластыра жаздады. Сондықтан кейбір адамдардың бұрыс түсініп жүрген кездері бар. Бірақ «Оян, қазақ!» фильмін араздық тудыратын, бүлікке бастайтын дүние ретінде қабылдайтын көзқарастарға өз басым түбегейлі қарсымын. Жастарды да мұндайдан аулақ болуға шақырамын. Ауқымдырақ айтсақ, француз дегенде біз Зиданды да, Мбаппені де қосып айтамыз. Сол сияқты, қазақ дегенде елдегі бүкіл құндылықты бірге айтып үйренуіміз керек. Сол кезде бұл «Оян, Қазақстан!» деген ұғымның барамасы болады. Ол тек бір ғана ұлтқа немесе этносқа қатысты болып, «басқаларға қарсы оян» деген мағынада қабылданбауы тиіс. Біз сонда ғана ұлт ретінде өсеміз. «Оян, Қазақстан!» — осы елде тұрып жатқан барлық азаматқа арналған шақыру. Сол кезде «оян» деген сөзді «бұғып отырма, депрессияға түспе, енжар болма, артта қалма» деген мағынада түсінген жөн. Сол тұрғыдан алғанда, бұл ұран қай кезде де өзінің өміршеңдігін жоғалтпайды. Жаңа ұрпақ өскен сайын мұндай ойдан жігер алып отыруы керек», — деді Мұрат Есжан.

Сондай-ақ сценарист жастардың бойындағы отансүйгіштік пен қоғамдық өзгерістерге деген ұмтылысқа тоқталды. Ол жаңа буынның белсенділігі ел болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі екенін атап өтті.

«Таяуда бір қызық оқиғаның куәсі болдым. Бұл фильм төрт жыл бұрын шықты, ал оның алдындағы «Ұлы дала заңы» бес-алты жыл бұрын жарық көріпті. Ол кезеңдер — менің де жастық максимализмім арыла қоймаған шағым еді, айналамнан сондай бір асқақ рухты көретінмін. Кейін тәжірибе жинақталады, жасың өседі, балаларың өседі, сөйтіп ол дүниелерге сәл де болсын күмәнмен қарай бастайсың: «Шынында да максимализмге салынған екенбіз-ау» деп ойлайсың. Өткенде бір жас жігіт келіп, біздің «Қара алтын» фильміне қатысты: «Сонда бұл туынды жастарға не береді?» — деп сұрады. Өйткені менде «елге не беремін» деген кезең өтіп, бұл сұрақтар екінші планға ысырылғандай еді. Бірақ сол жігіттің контентінен кейін жастардың бойында «елім» деген рухтың әлі де лаулап тұрғанын байқадым. Мен «қоғам өзгеріп жатыр» деп ойлап жүрсем, көрсетсе өзгереп жатқан менің көзқарасым екен. Ал қоғам да, жастар да бәрібір жаңаша серпінмен қаулап өсіп келеді. Желтоқсан оқиғасында да кімдер шықты? Жастар шықты. Ал үлкендер не істеді? Олар сырттай қарап, біреуі айыптады, біреуі қолдады, бірақ көбіне бейтарап қалды. Ал үнемі қозғалысқа бастайтын — жастар. Сондықтан «оян», «дамы», «ұмтыл» деген сияқты шақырулар үнемі өміршең болып қала береді», — деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий