Петропавлда саңырауқұлақ жеген әйел жансақтау бөліміне түсті

01.09.2026 12:02 Әсел МҰРАТ
Петропавлда саңырауқұлақ жеген әйел жансақтау бөліміне түсті
188
фото: pexels.com

Петропавлда 40 жастағы әйел улы саңырауқұлақ жегеннен кейін ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Оған дәрігерлер жедел улану диагнозын қойып, жансақтау бөліміне жатқызған, деп хабарлайды Politico.kz.

Дәрігерлердің мәліметінше, әйелдің жағдайы тұрақсыз болып, мінез-құлқынан да өзгерістер байқалған. Ауруханаға түсер алдында ол шыбынжұт – «мухомор» саңырауқұлағын қолданғанын айтқан.

Зерттеу барысында пациенттің бойынан уланудан бөлек, бірқатар қосымша ауру мен тәуелділік белгілері анықталды. Осыған байланысты дәрігерлер шұғыл түрде емдеу шараларын бастап, бірнеше күн бойы оның өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауда ұстаған.

Төрт күндік қарқынды терапиядан кейін әйелдің жағдайы біртіндеп жақсарған. Ол жансақтау бөлімінен терапия бөліміне ауыстырылып, емін сол жерде жалғастырды. Кейін денсаулығы қалпына келіп, ауруханадан шығарылды.

Дәрігерлер пациентке алдағы уақытта психиатр мен наркологтың көмегіне жүгінуге кеңес берген.

Мамандардың айтуынша, сананы өзгерту үшін улы саңырауқұлақтар мен басқа да психобелсенді заттарды қолдану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай заттардың ағзаға қалай әсер ететінін алдын ала болжау қиын.

Уланудың ауыр түрінде адамның есі бұзылып, құрысуы, тыныс алуы қиындауы немесе жүрек-қантамыр жүйесінің қызметі бұзылуы мүмкін. Сондықтан шығу тегі белгісіз заттарды немесе олардың қоспаларын өз бетінше қолдану адам өміріне қауіп төндіреді.

Войдите, чтобы оставить комментарий