Navai-дің ұсталуына қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

Navai-дің ұсталуына қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ресейлік рэпер Navai-дің ұсталуына байланысты Ресей тарапынан нота түскенін мәлімдеді. Енді ведомство қазақстандық құқық қорғау органдарынан ұсталған Ресей азаматтары туралы ақпарат сұратпақ, деп хабарлайды Politico.kz.

СІМ мәліметінше, Ресей тарапы ұсталған азаматтарының жағдайы мен олардың қайда екені туралы ақпарат беруді сұраған. Мұндай өтініштер консулдық жұмыс тәжірибесінде қалыпты рәсім саналады.

«Сыртқы істер министрлігіне Ресей тарапынан нота келіп түсті. Онда Ресей Федерациясының ұсталған азаматтары туралы мәлімет беруге және олардың қай жерде екенін хабарлауға өтініш білдірілген. Консулдық қызмет аясында мұндай өтініштермен жүгіну – қалыптасқан тәжірибе. Министрлік тиісті сауалды Қазақстанның құқық қорғау органдарына жолдайды», – делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне ресейлік рэпер Навай Бакировтың ұсталуына байланысты ресми түсініктеме беру туралы өтініш жолдаған.

Дипломатиялық өкілдік өкілдерінің айтуынша, консулдық жағдайды бақылап отыр.

Navai Қазақстанда не үшін ұсталды?

Еске салайық, бұған дейін Астанада 14 қазан күні кешке өтуі тиіс Navai концерті болмайтыны хабарланған еді. Ұйымдастырушылар іс-шараның тоқтатылғанын мәлімдеді.

Сол күні Жамбыл облысының полиция департаменті рэпердің есірткі контрабандасы күдігімен ұсталғанын хабарлады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Әншінің директоры Рауф Гусанов оның ұсталуына қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Ал рэпердің анасы бұл жағдайды «аяқтан шалу» деп бағалап, ұлының жақын арада босатылатынына сенім білдірген.

Оқиғаға байланысты Қырғызстанда да тексеру басталды. Қырғызстанның Шекара қызметі музыканттың есірткімен шекарадан қалай өткенін анықтап жатыр. Егер заңбұзушылықтар анықталса, кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін.

15 қазанда Navai сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу