Назарбаев Мәскеудегі элиталық саяжайларда тұратыны белгілі болды
Ресейлік «Проект» зерттеу басылымы Ресейдің Федералдық күзет қызметі (ФСО) Мәскеудегі Воробьев тауларындағы элиталық саяжайларды жоғары лауазымды саясаткерлер мен билікке жақын бизнесмендерге жалға беретіні туралы материал жариялады. Тұрғындар тізімінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты-жөні аталған, деп жазады POLITICO.KZ.
Зерттеуге сәйкес, бұл Косыгин көшесінде, «Мосфильм» павильондары мен Кино мұражайының жанында орналасқан жабық кент 1950 жылдары КОКП Орталық Комитетінің мүшелері үшін арнайы салынған.
2015 жылы ФСО бұл кешендегі резиденцияларға ауқымды реконструкция жүргізген. Содан бері саяжайлар тек «жабық тізім» арқылы, яғни ерекше саяси қамқорлықпен ғана жалға беріле бастаған.
Басылымның дерегінше, бұл кентке кіру Владимир Путиннің жеке өзінің және оның әкімшілік басшысы Антон Вайноның рұқсатымен ғана мүмкін болады. Мұндай элиталық үйді жалдау құны да арзан емес – айына шамамен 3,1 миллион рубльді құрайды.
Зерттеу басылымы осы жабық кешендегі резиденцияларды жалға алған Назарбаевтың көршілерінің есімдерін де атады:
- Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу;
- Қорғаныс министрінің орынбасары – Бас штаб бастығы Валерий Герасимов;
- Президент әкімшілігінің басшысы Антон Вайно;
- Федерация кеңесінің мүшесі Сулейман Керимов;
- Олигархтар Роман Абрамович, Геннадий Тимченко (Владимир Путиннің досы) және Дмитрий Мазепин;
- Рамзан Қадыровқа жақын бизнесмен Руслан Байсаров.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл тізімде «ескі» тұрғындардың бірі ретінде аталған. Оған Мичурин даңғылына ең жақын орналасқан №2 үй бекітілген. Дегенмен, зерттеуде оның мұнда үнемі емес, тек мезгіл-мезгіл келіп тұратыны атап өтілген.
Дереккөздердің айтуынша, бұл үйлерде тұру ыңғайлылық мәселесі ретінде емес, билікке жақындықтың көрсеткіші ретінде қабылданады. Назарбаевтың бұл тізімде болуы оны Ресейдің ең артықшылықты тұлғаларымен мәртебесін теңестіреді.

Соңғы жаңалықтар