Назарбаевтың Ақтаудағы резиденциясы мешітке айналады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясы орналасқан аумақта құрылыс жүргізу жоспарлары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Нұрдәулет Қилыбай жақында өңір тұрғындарымен кездесіп, өзекті сұрақтарға жауап берді.
«Самал ауданында резиденция орналасқан болатын. Осы жерге балаларға арналған нысандар салынатыны уәде етілді. Бірақ жер күтпеген жерден жеке қолға өтіп кетті», деді Ақтау тұрғыны әкіммен кездесуде.
Әкім бұл аумақ мемлекеттік баланста және Ақтау әкімдігіне қарасты екенін нақтылады. Қазіргі уақытта жер учаскесінің мемлекеттік сараптамасы жүргізілуде, оның нәтижелері 2025 жылдың наурыз айында шықпақ.
«Мемлекеттік сараптама нәтижелері дайын болғанда, үкіметтің қаулысы шығып, резиденция орнында Орталық стадион салынады. Ақтау әкімдігінің шешімі де шықты. Сондай-ақ осы жерде мешіт, балалар алаңдары, шағын және орта бизнеске арналған нысандар мен теңіз вокзалы салынатын болады»,
деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімі.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың тамыз айында Ақтаудағы экс-президенттің көп жылдар бойы орналасқан резиденциясы тұрған жер мемлекетке қайтарғаны туралы хабарланған болатын. 225 гектарды құрайтын, құны 1 миллиард теңге деп бағаланған бұл учаске қаланың элиталық ауданында орналасқан.
Алдыңғы жылдары, 2002-2004 жылдары, жер «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының меншігіне беріліп, кейіннен «Oil Real Estate» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатылған. Сот отырыстарының нәтижесінде сатудың заңсыз екені анықталды. Жер иесі бұл шешімді қайта қарау үшін апелляция берген, бірақ сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Ақпарат Orda.kz сайтынан алынды