Назарбаевтың күзетшісі ме? Депутат Назаров даулы сұраққа жауап берді

Депутат Ардақ Назаров өзіне қатысты даулы қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Newtimes.kz агенттігі.
Жақында Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлеуметтік желіде өзі туралы тараған қауесеттерге қатысты пікір білдірді. Ол өзінің бұрын Назарбаевтар отбасының күзетшісі болғаны және бір жылда екі диплом алғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Әңгіме неден басталды?
Бұған дейін журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желіде депутат Ардақ Назаровтың бір жылда екі диплом алғанын анықтағаны туралы жазба жариялаған болатын. Осыдан кейін желіде депутаттың біліміне және бұрынғы атқарған қызметіне қатысты түрлі талқылаулар басталған еді. Айта кетейік, дәл осы журналист бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің магистратура дәрежесі жоқ екені туралы да жазған болатын.
Депутат не дейді?
Журналисттің тікелей сұрағына жауап берген Ардақ Назаров өзіне қатысты айтылған екі мәселені де жоққа шығарды. Журналисттің Назарбаевтар отбасының күзетінде жұмыс істедіңіз бе деген тікелей сұрағына депутат:
"Мен бұл сұраққа жүз рет жауап бердім. Бұл өтірік", – деп қысқа қайырды.
Ал бір жылда екі диплом алды деген ақпаратқа:
"Тексергісі келсе, прокуратурада, басқа да органдарда тексере берсін. Мен алдымен колледжді, содан кейін бакалаврды бітірдім. Одан кейін заң және экономика мамандықтарын оқыдым, бірақ бәрін әртүрлі жылдарда", – деді Назаров.
Ол 2009 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінде бакалавр дәрежесін, ал 2011 жылы сол оқу орнында "Экономика" мамандығы бойынша магистратураны аяқтағанын нақтылады. Дәл сол 2011 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде "Құқықтану" мамандығы бойынша оқуын бітірген.
"Яғни, бакалавр – 2009 жылы, магистратура – 2011 жылы, оған қоса параллельді түрде заңгерлік білім алдым", – деп түсіндірді депутат.
"Жалған ақпарат таратқандарды сотқа беру ойыңызда бар ма?" деген сұраққа Ардақ Назаров:
"Жоқ, бермеймін. Ол маған не үшін керек? Біреудің ісіне араласқысы келгендер, ары қарай да араласа берсін", – деп жауап берді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың жалпы отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтауына қатысты ресми жауап берілді.
Соңғы жаңалықтар





