Неге қазақстандықтар соңғы кезде жиі соттасатын болды

04.09.2026 15:42 Қарақат АСЫЛОВА
Неге қазақстандықтар соңғы кезде жиі соттасатын болды
96
Фото: magnific.com/ЖИ

Биылғы жылдың алғашқы 6 айында қазақстандықтар мен компаниялар сотқа 506,1 мың азаматтық талап-арыз түсірді. Finprom.kz сараптамалық порталының мәліметінше, бұл былтырғы көрсеткіштен үштен бірге көп. Мұндай нәтиже 2015 жылдан бергі ең жоғары рекорд болып отыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Әрбір төртінші шағымды оңтүстік астананың тұрғындары мен кәсіпорындары берген. Нақты айтқанда, алматылықтардан 122,6 мың талап-арыз түсіп, былтырғыдан 32,1%-ға өскен.

Басқа мегаполистерде сотқа жүгіну жиілігі айтарлықтай төмен. Шымкентте 44,2 мың, ал Астанада 35,7 мың іс тіркелген. Ең аз шағым Ұлытау (6,1 мың) және Солтүстік Қазақстан (7,4 мың) облыстарына тиесілі. Бұл айырмашылық бірінші кезекте аймақтардағы халық санына байланысты.

Сотқа жүгінушілер қатары соңғы бес жылда тұрақты түрде көбейіп келеді. 2020 жылдан бері азаматтық істер саны 474,1 мыңнан 845,1 мыңға дейін, яғни екі есеге жуық артқан. Әсіресе 2024 және 2025 жылдары күрт өсім байқалып, шағымдар саны бірден 115 мыңнан асып түскен.

Шағымдардың негізгі бөлігін екі тараптың дауына қатысты талап-арыздар құрайды. Мұндай істердің саны 29,3%-ға өсіп, 386,2 мыңға жеткен. Оның жартысынан көбі (240,3 мың) келісімшартты жасау, өзгерту немесе бұзуға қатысты дауларға тиесілі. Бұл қатарда жеке тұлғалар мен банктер арасындағы даулар 59%-ға көбейіп, 135 мыңды құрады.

Жеңілдетілген тәртіппен қаралатын бұйрық арқылы іс жүргізу санатындағы шағымдар 74,1%-ға артқан. Жыл басынан бері осындай 80,5 мың іс тіркелді. Әдетте судья бұл дауларды қарызды өндіру сияқты жазбаша дәлелдер негізінде шешеді. Өсім медиативтік келісімдерді орындау тәжірибесінің 2,1 есеге көбеюімен тікелей байланысты.

Қандай да бір заңды фактілерді анықтауға бағытталған ерекше іс жүргізу шағымдары да 16,5%-ға өсіп, 39,1 мыңға жетті. Бұған еңбек өтілін растау, әкелікті тану немесе мұрагерлікті қабылдау жатады. Осы санаттағы банкроттық туралы істер саны 2,1 есеге артып, 13,7 мыңды құрады.

Түскен арыздардың барлығы бірдей сотта қарала бермейді. Биылғы алты айда 506,1 мың шағымның тек 345,4 мыңы (68,3%) бойынша ғана азаматтық іс қозғалған. Қалғандары кері қайтарылған немесе құзыретіне қарай басқа инстанцияларға жолданған.

Қозғалған істердің жартысынан сәл астамына (212,9 мың) қатысты нақты шешім шықты. Оның ішінде 194,1 мың талап-арыз қанағаттандырылып, шешімдердің 91,2%-ы шағымданушының пайдасына шешілген. Бұл көрсеткіш соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты түрде 84% бен 91% аралығында сақталып келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий