Несие жабу үшін сәбиін сатпақ болған ерлі-зайыпты 5 жылға сотталды

22.07.2026 21:56 Томирис САҒЫНДЫҚ
Несие жабу үшін сәбиін сатпақ болған ерлі-зайыпты 5 жылға сотталды
46
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Өзбекстанның Ферғана облысында өз перзентін сатуға оқталған ерлі-зайыпты 5 жылға сотталды. Тиісті үкімді Ферғана қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Daryo басылымы жазды.

Іс материалдарына сәйкес, жас жұбайлар 2024 жылдың қазанында танысып, туған-туыстарына білдіртпей шаңырақ көтерген. 2025 жылдың қазан айында олардың ұлы дүниеге келеді. Сол уақытта сәбидің анасы 20 жасқа да толмаған еді. Кейінірек отағасы нәпақа табу үшін Ферғанаға аттанып, артынша әйелі мен баласын да қасына көшіріп алады. Алайда несие қарыздары оларды өз сәбиін сатуға итермелеген.

Сот отырысында айыпталушы әйел сәбиді сатқаннан түскен қаражатты отбасылық борыштарды жабуға және Түркияға барып жұмыс істеуге жұмсамақ болғандарын алға тартты. Оның айтуынша, күйеуі бастапқыда бұл пікірге қарсылық білдіргенімен, кейіннен келісуге мәжбүр болған.

Нәтижесінде сот ерлі-зайыптыны Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Адам саудасы» бабы бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал сәбидің одан арғы тағдырын шешу Қоқан қалалық «Инсон» әлеуметтік қорғау агенттігінің тиісті бөлімшелеріне тапсырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий