Нұрай Серікбай ісі бойынша апелляциялық сот қашан өтеді?

18.09.2026 13:23 Әсел МҰРАТ
Нұрай Серікбай ісі бойынша апелляциялық сот қашан өтеді?
358
Фото: ашық дереккөз

Кісі қолынан ажал құшқан Нұрай Серікбайдың ісі бойынша апелляциялық сот отырысының қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.  

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, апелляциялық сот 24 қыркүйек күні сағат 10:00-де өтеді. Сот отырысы Шымкент қалалық сотының ғимаратында ұйымдастырылады.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмды. 

Тергеу барысында күдікті Шерхан Аймаханның бұған дейін Нұрайдың соңынан қалмай, оны алып қашқаны да анықталған. Осыдан кейін полиция адам өлтіру және сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Арада үш ай өткенде күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылғаны белгілі болды. Бұл жағдай марқұмның жақындарының алаңдаушылығын туғызды. Олар күдікті психикалық ауру туралы анықтама алып, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенді.

Алайда Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша Аймаханның есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеді. Яғни ол жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруге қабілетті болған.

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот процесін тікелей эфирде көрсетуді талап еткен еді. Алайда сотталушы тарап бұл ұсынысқа қарсылық білдірді. Екі тарап ортақ келісімге келе алмағандықтан, сот отырысы онлайн көрсетілімсіз өтті.

Прокурор не деді?

23 шілдеде Шымкентте іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтіп, мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотталушыға тағылған айыптардың мән-жайын жариялады.

Прокурордың айтуынша, Шерхан Аймахан алдымен Нұрайды кездесуге шақырған. Қыз бұл ұсыныстан бас тартқаннан кейін, ол оның үйінің маңына барған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Нұрай дүкенге шыққан кезде Аймахан оған пышақпен бірнеше рет шабуыл жасаған. Ол оқиға орнынан кетіп қалғанымен, кейін қайта оралып, қызға тағы да пышақ жарақатын салған.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары сот процесінің тікелей эфирде көрсетілуін тағы да сұраған. Алайда сотталушы тарап бұған келіспеді. Екі тараптың ұстанымы сәйкес келмегендіктен, судья сот отырысын тікелей эфирде көрсетпеу туралы шешім қабылдады.

Еске салсақ, 13 тамыз күні өткен сот отырсында сот айыпталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Шерхан Аймахан қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру, 125-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы – сталкинг бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол 25 миллион теңге моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий