Қазақстанда жол саласындағы заңбұзушылықтардан 8 млрд теңге залал келген
Қазақстанда бұрын жөнделген, тіпті мердігердің кепілдігі әлі аяқталмаған жолдарды қайта жөндеуге ақша бөлмек болған. Прокуратура мұндай жағдайларды анықтап, 36 млрд теңгенің орынсыз жұмсалуына жол бермеді. Ал жол саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 33 дерек тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келген залал 8 млрд теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл мәліметтер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі кеңесте айтылды.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиевтің айтуынша, тексеру кезінде жол құрылысының барлық кезеңінде, жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейін, жүйелі заңбұзушылықтар анықталған.
Қазір 33 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Келтірілген залалдың алдын ала көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, прокуратура негізсіз жасалған келісімшарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жойып, 36 млрд теңгенің жұмсалуына тосқауыл қойған.
Тексеру барысында бұған дейін жөнделген жолдарға қайтадан тендер жарияланғаны да белгілі болды. Олардың арасында мердігердің кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған жолдар бар.
Жол неге тез бұзылады?
Кеңесте осы мәселе де көтерілді. Бектеновке жолдағы жарықтар мен ойықтардың пайда болу себептері баяндалды. Сондай-ақ жол салудың қолданыстағы талаптарын әр өңірдің ауа райы мен көлік қозғалысының қарқынына қарай өзгерту ұсынылды.
Мамандар асфальттың беріктігін арттыру үшін сапалы қиыршықтас пен арнайы өңделген битум қолдануды ұсынып отыр. Жолдың сапасын бұзбай тексеретін жаңа технологияларды енгізу, жарық шағылыстыратын жол белгілері мен таңбаларын пайдалану мәселесі де қаралды.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, битумды тасымалдау мен сақтау жүйесі тексерілген.
Соның нәтижесінде битум сапасын жақсарту және зауыттардың жұмысын біркелкі ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар әзірленді. Каспий битум және Павлодар мұнай-химия зауыттары сұраныс болған жағдайда 50/70 және 70/100 маркалы битум мен полимер қосылған жаңа қоспаларды өндіруге дайын.
Жол құрылысына Superpave технологиясын және полимермен өңделген асфальтбетонды енгізу, зертханалық тексеруді күшейту де талқыланды.
Артық жүк тиеген көліктерге бақылау күшеймек
Үкімет ауыр жүк көліктерінің жолды бүлдіруіне жол бермеу үшін салмақ пен көлік көлемін бақылауды күшейтуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, автоматты өлшеу бекеттерін айналып өткен жүргізушілердің заңбұзушылығын тіркеу және артық жүк үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды.
Жолдағы цифрлық бақылау құралдарын бірыңғай E-Kolik жүйесіне біріктіру жұмысы жалғасып жатыр.
Кеңесте жергілікті жолдардың жағдайы да сөз болды. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру, жол сапасына жауапкершілікті күшейту, әр өңірдің табиғи ерекшелігіне сай құрылыс талаптарын белгілеу мәселелері қаралды.
Жиынға Құрылтай депутаттары Замир Сағынов пен Мейрхат Қасымбаев, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев және басқа мамандар қатысты.
Кеңес соңында Олжас Бектенов жол саласын реформалаумен айналысатын жұмыс тобына қарашаның соңына дейін барлық ұсынысты әзірлеп бітіруді тапсырды.
Премьер-министр жолдың мерзімінен бұрын бұзылу себептерін жоюға және сапасыз жұмыс істеген мердігерлердің жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударуды талап етті.
Соңғы жаңалықтар