Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті туралы тың дерек шықты

19.05.2026 14:25 Әсел Мұрат
 Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті туралы тың дерек шықты
265
Фото-коллаж: Politico.kz

21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірді деген күдіктінің қазіргі орналасқан жеріне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz. 

Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне марқұмның отбасының адвокаты мәлімдеді.

Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған еді. Бейнебақылау камераларына күдіктінің Нұрайды аңдып жүргені, кейін оған пышақпен шабуыл жасағаны түсіп қалған. Тергеу барысында қылмысқа дейін бірнеше айға созылған сталкинг (қудалау) және алып қашу оқиғасы болғаны анықталды.

Сәуір айында күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылған.

Бұған дейін отбасы адвокатының айтуынша, 28 жастағы күдіктіге қатысты бірқатар сараптама тағайындалып, ол мамандардың бақылауымен ем қабылдаған.

Марқұмның туыстары күдікті психикалық ауытқуды сылтауратып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға әрекет етуі мүмкін деп алаңдаған.

Алайда 30 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктінің есі дұрыс деп танылғанын хабарлады.

Күдікті қазір қайда?

Марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров сараптамадан кейін күдікті мамыр айының басында қайтадан тергеу изоляторына қамалғанын айтты.

«Қазір ол Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отыр. Денсаулығы жақсы, есі дұрыс деп танылды», – деді адвокат.

Омаровтың сөзінше, жәбірленуші тарап күдіктінің туыстарын да қызды алып қашуға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

«Біз күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы топ болып некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша жауапқа тарту туралы полицияға бірнеше рет арыздандық. Арыздар қабылданды, алайда мәселе әлі қаралып жатыр», – деді адвокат.

Сонымен қатар адвокат Аянхан Омаровтың айтуынша, марқұмның туыстары айыпты Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігінен 3-бөлігіне қайта саралауды талап етіп отыр. Аталған бап — «Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан некеге мәжбүрлеу».

Айта кетейік,125-1-баптың 1-бөлігі бойынша 2000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы мөлшермен 8 650 000 теңге), не бас бостандығын шектеу, не екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал 3-бөлігі бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

«Кісі өлтіру», «Алып қашу» және «Сталкинг»

28 жастағы күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы — «Айрықша қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру»;
  • 125-1-бап — «Некеге мәжбүрлеу»;
  • 115-1-бап — «Сталкинг».

Істің хронологиясы

Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Камералар күдіктінің Нұрайды аңдып жүргенін, кейін оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткенін тіркеген.

13 қаңтарда 28 жастағы күдікті қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.

Кейін белгілі болғандай, шабуыл кездейсоқ болмаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау және алып қашу оқиғасы болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, олардың арыздары қабылданбаған.

Бұл жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтай отырысында полиция әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Сонымен қатар, некеге мәжбүрлеу туралы арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады делінген бейнежазба тарады. Видеода Нұрай Серікбай өзін күштеп алып қашпағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтқан. Сондай-ақ ол ер адамға ешқандай шағымы жоғын мәлімдеген.

Экс-полицейлер кейбір бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп бағалады.

Марқұмның отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясын жариялау дерегі бойынша ресми шағым түсіргенін айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий