Нұрай Серікбайдың ісіндегі бұрынғы тергеушіге айыппұл салынды

31.08.2026 16:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Нұрай Серікбайдың ісіндегі бұрынғы тергеушіге айыппұл салынды
225
Фото: Бейнеден алынған скрин

Шымкентте марқұм Нұрай Серікбайдың ісіне байланысты жұмыстан шығарылған бұрынғы тергеуші Артықбай Әбілғазыға айыппұл салынды. Ол қызметінен кеткеніне қарамастан, полиция формасымен бейнесұхбат берген. Бұл туралы қалалық әкімшілік соттың қаулысында көрсетілген.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты істі экс-полицейдің қатысуынсыз қарады. 11 наурызда шыққан шешімге сәйкес, Артықбай Әбілғазы Әкімшілік кодекстің 675-бабының 1-бөлігімен (Әскери немесе нысанды киімді заңсыз кию) кінәлі деп танылды. Оған 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл кесілді.

Сот қаулысымен бұрынғы тәртіп сақшысының киімдері тәркіленді. Оның ішінде полиция қызметкерінің жемпірі, шалбары, бір футболка және аға лейтенант шені бар екі погон мемлекет пайдасына алынды. Бұл заттар Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қоймасында сақтаулы тұр.

Құқық бұзушылыққа 2026 жылдың 20 қаңтарында жарияланған бейнеролик себеп болған. Бұрынғы тергеуші заңгер әрі блогер Айгүл Орынбектің Instagram парақшасына полиция нысанды киімін заңсыз киіп сұхбат берген. Видеода ол өзінің кінәсіз екенін айтып, оқиғаның мән-жайын түсіндіруге тырысқан.

Артықбай Әбілғазы 2025 жылдың 5 қазанында студент Нұрай Серікбайды алып қашу фактісі бойынша шақыртуға барған. Оның айтуынша, қыз Шерхан Аймаханды өз жігітім деп таныстырған. Экс-полицей екеуінің жасырын кездесіп жүргеніне үш ай болғанын және қыздың Шымкентке өз еркімен келгенін алға тартты.

Бұрынғы тергеуші Нұрайдың ешкімге шағымы жоқ екенін айтып, істі жабуды сұрағанын жеткізді. Алайда тамыз айында өткен сот отырысында одан маңызды айғақтардың неге дұрыс тіркелмегені сұралды. Ол көп нәрсені ұмытып қалғанын және сол күні бейнежетонының қуаты тез бітіп қалғанын айтып ақталды.

Марқұмның туыстары бұл нұсқамен үзілді-кесілді келіспеді. Олар жігіттің қызды аңдып, үнемі қорқытып келгенін мәлімдеді. Ал сот-психологиялық сараптамасы Нұрайдың полиция бөлімшесінде қатты психологиялық қысыммен видеоға түскенін растады.

2026 жылдың 11 қаңтарында Шерхан Аймахан қызды қатыгездікпен өлтірді. Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында полицияның жұмысын қатаң сынға алды. Нәтижесінде Шымкент полиция департаментінің басшылығы мен Артықбай Әбілғазы бастаған бірқатар қызметкер жұмыстан шеттетілді.

Биыл 13 тамызда Шымкенттің мамандандырылған соты Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты нүкте қойды. Сот үкімімен Шерхан Аймахан кісі өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және қудалау (сталкинг) айыптары бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Белгілі болғандай, полиция қазіргі уақытта Артықбай Әбілғазының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий