Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі болып қайта тағайындалды
Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі қызметін сақтап қалды. Мемлекет басшысы 3 қыркүйекте оны бұл лауазымға қайта бекіту туралы Жарлыққа қол қойғанын Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Жарлық шықпас бұрын министрдің кандидатурасы Құрылтайда қаралды. Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің отырысында депутаттар оны қызметке бекітуге келісім берді.
Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай талқыланды. Комитет жиынының қорытындысы бойынша оң шешім қабылданды.
Нұржан Нұржігітов бұл ведомствоны 2023 жылғы 4 қыркүйектен бері басқарып келеді. Ол 2024 жылғы 6 ақпанда да осы лауазымға қайта тағайындалған болатын.
Нұржан Нұржігітов кім?
Ведомство басшысы – Нұржан Молдиярұлы 1967 жылы Жамбыл облысында туған. Ол 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту Орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын, ал 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Ленинград ауылшаруашылық институтында техник және комендант болып бастады. Кейін М. Горький атындағы колхозда механик, Төле би атындағы агробірлестікте бас инженер болып еңбек етті.
1996–2008 жылдары Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің аппаратында маман және бөлім меңгерушісі болды. Одан кейін экономика басқармасының бас маманы, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2008–2011 жылдары облыс әкімі аппаратында мемлекеттік қызмет көрсету сапасының мониторингін дамыту бөлімін басқарды.
2011–2015 жылдары ол мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында жауапты лауазымдарда болды. Жамбыл облысы бойынша агенттік басқармасы бастығының орынбасары және тиісті департаменттің басқарма басшысы болып істеді.
2015–2018 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Ал 2018–2019 жылдары осы өңірдегі Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жетекшілік етті.
Кейін аймақтық басқару саласында бірқатар басшылық қызметтер атқарды. Ол 2019–2021 жылдары Байзақ ауданының әкімі, ал 2021–2022 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.
Нұржан Нұржігітов министрлікке келгенге дейін, яғни 2022–2023 жылдары Жамбыл облысының әкімі лауазымында қызмет етті.
Соңғы жаңалықтар