Олжас Бектенов Шанхайда Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен кездесті

Олжас Бектенов Шанхайда Қытайдың жетекші компаниялары өкілдерімен кездесті
04.11.2024 12:30
0
157
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Шанхай қаласында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен келіссөздер өтеді, VII Қытай халықаралық импорт көрмесіне қатысу жоспарланған. Жұмыс сапардың басты мақсаты – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасындағы екіжақты тауар айналымы көлемін өткен жылғы $41 млрд деңгейіндегі тарихи рекордтан екі есеге арттыру жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыру. Дөңгелек үстел жұмысына металлургия, энергетика, машина жасау және автомобиль өнеркәсібі, көмір химиясы, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа да салалар бойынша көшбасшы компаниялар өкілдері қатысты. Экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективалары қаралды. Кездесуге қатысушылар ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық әріптестік артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан-Қытай бірлескен ірі жобалары қатарында Camc Engineering компаниясымен бірлесіп кальцилендірілген сода өндіру зауытын, Tianjin Cement Industry Design and Research Institute-пен «Састөбе» химиялық кешенін және Yunnan Industrial Explosive Group-пен жарылғыш заттар өндіру зауытын салу жобасы бар. Қуаты 90 мың бірлікті құрайтын, толық шағын торапты құрастыруға негізделген CHANGAN, HAVAL, CHERY автокөліктерін шығаратын зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Geely, Exeed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша 1 мың жұмыс орнын құра отырып, $150 млн сомаға инвестициялық келісім жасалды. Жобалар жоғары сапалы отандық өнім өндіруге қабілетті технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер, екі елдің бизнес-қауымдастықтарының пікірінше, екіжақты әріптестіктің орнықтылығы мен өнімділігін растайды. ҚР Үкіметінің басшысы аталған бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын, сауда қатынастарының қолда бар әлеуеті тауар айналымын одан әрі әртараптандыру және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту келешегін көрсететінін атап өтті.
Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары қарқынмен дамып келеді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара сауда көрсеткіштерімізді екі есеге арттыруға ниеттіміз. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда зор әлеуеті бар. Біз өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашып, ынтымақтастықтың тиімділігін бірге арттыра аламыз. Бұған қол жеткізу үшін транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және біздің іскер топтар арасында байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуі қажет. Қазақстан Үкіметі әріптестікті кеңейтуге және мемлекеттеріміз арасында берік көпір құруға дайын. Біз инвесторларға қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасаймыз және әр жобаның табысты болуына ықпал етеміз. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жаңа инвестициялық бастамалар экономиканың нақты секторын дамытуға, оны әртараптандыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Премьер-министр өнеркәсіпті дамыту ел үшін маңызды басымдық екеніне тоқталып, қытайлық компанияларды қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз әріптестікке шақырды.
Өз кезегінде, диалог барысында Қытайдың жетекші компаниялары өкілдері Қазақстанға стратегиялық жобаларды іске асырудағы сенімді серіктес ретінде қызығушылық танытты. China Huadian Corporation компаниясы директорлар кеңесінің атқарушы мүшесі Цзу Бинь өз сөзінде Қазақстанмен энергетика саласындағы, оның ішінде шығарындыларды азайту жөніндегі ынтымақтастықты кеңейту туралы; SUN Energy Investment бас директорының міндетін атқарушы Янь Гочун Қазақстандағы алғашқы көмір химиясы кешенін іске қосу жоспары туралы хабардар етті; Beijing Jianlong Heavy Industry Group директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Чжисян – болат өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты дамыту туралы; Zijin Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзинхэ – геологиялық барлау және сирек жер кендерін өндіру саласындағы жобаларды іске асыру жоспары туралы айтты. CP Pharmeceutical Group вице-президенті Се Лэй – медицина саласында кластер құруға инвестиция салу туралы; Beiqi Foton Motor бас директоры У Сибинь – Қазақстанда автомобиль жасау саласындағы өндірісті локализациялау туралы; ACRE инженерлік-консалтингтік компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Чжуни технологиялар трансферті бөлігіндегі өзара іс-қимыл туралы; Sinotruk International бас директоры Чжао Хуа Қазақстанда жоғары сапалы автомобиль жүк техникасын өндіруді локализациялау жоспары туралы хабарлады.  Darwin Biotech Co., Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзяньхуэй өсімдік шаруашылығы саласындағы қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту ниетімен бөлісті; Fujian Hengwang Investment (металлургия) басқарма төрағасы Цзэн Чжаоцзян Жамбыл облысында өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспары туралы баяндады. Кездесу нәтижесінде жалпы сомасы $2,5 млрд болатын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды. «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ және «Goldcard Smart Group Co., Ltd» арасындағы $8 млн сомасына зияткерлік жүйелерді енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Жоба Алматы қаласындағы «Алатау» ИТП АЭА аумағында компоненттердің локализациясын ескере отырып, GoldCard компаниясы жеткізетін құрамдас бөлшектерден газ есептегіштерін шағын торапты құрастыруды көздейді; «Qarmet» АҚ мен Zhengzhou Coal Mining Machinery Grouop арасындағы көмір өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндіру саласындағы «Qarmet» АҚ көмір департаментінің шахталары үшін $70 млн сомасына механикаландырылған кешендер сатып алу туралы келісім; ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Қытайдың Silk Road Fund Co.Ltd. және Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd. мемлекеттік инвестициялық қоры арасында құны $552 млн инвестициялық ынтымақтастық негіздерін белгілеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; «Qarmet» АҚ мен Xinxing Ductile Iron Pipes Co.,LTD арасындағы $161 млн сомасына Қазақстан Республикасында қуаты жылына 200 мың тонна сфералық графиті бар беріктігі жоғары шойыннан жасалған құбырлар шығаратын зауыт салу туралы келісім. Өнім Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық жүйесінің нысандарын салу, жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту және жаңарту жөніндегі жобаларға арналған; «Qarmet» АҚ мен China Metallurgical Group Corporation арасындағы $1 млрд сомасына тау-кен және металлургия салаларында ұзақ мерзімді және кешенді ынтымақтастық орнату туралы келісім; «Qarmet» АҚ мен ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation арасындағы $649 млн сомасына кокс-химия өндірісін жаңғырту және көмір химиясын дамыту жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру туралы келісім; «Qarmet» АҚ мен Nanjing Fiberglass Research & Design арасындағы $30 млн сомасына Теміртау қаласында қуаты жылына 100 мың тонна дайын өнім болатын домна қождарынан минералды жылытқыштар өндіретін фабрика салу және 200 жаңа жұмыс орнын ашу туралы келісім; «Saran Machinery» ЖШС мен Sinotruk International арасындағы $70 млн сомасына KD дистрибуция және құрастыру саласындағы, технологияны лицензиялау және тауар белгілерін пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер пакеті. Олардың ішінде Саран қаласында жүк және арнайы техника өндіру жөніндегі жобаны іске асыру туралы Меморандум бар, оның шеңберінде перспективада 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Олжас Бектенов Шанхай қаласында Чжанцзян ғылыми қаласының «Роботтар алқабында» болып, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы Қытай робототехника индустриясының соңғы жетістіктерімен танысты. Қазіргі уақытта аталған ғылыми-технологиялық орталықта 80-нен астам қытайлық және шетелдік робототехника кәсіпорындары жұмыс істейді. Роботтардың кең ауқымы, оның ішінде гуманоидтар да ұсынылған. Олардың қолданылу аясы: күнделікті өмірде көмек көрсету мен қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуден бастап, медицина, білім беру, индустриялық, ғылыми-зерттеу салаларында, құтқару жұмыстары, логистика және басқа да салаларға дейін кеңейіп келеді. Премьер-министр Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Роботтар алқабының» тәжірибесін зерделеу және оны одан әрі елімізде қолдану мақсатында қытай тарапымен ынтымақтастықты жолға қоюды тапсырды. Sensetime компаниясының кеңсесіне барған кезде қазақстандық делегация ақылды әрі қауіпсіз қала жобаларында қолданылатын жаңа шешімдер мен жабдықтарды таныстырды.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или