Олжас Бектенов жоспарды орындай алмаған ҚТЖ басшысына қатаң ескерту жасады

16.06.2026 13:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Олжас Бектенов жоспарды орындай алмаған ҚТЖ басшысына қатаң ескерту жасады
65
Коллаж Politico.kz/Фото: Үкімет

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке транзиттік тасымал жоспарының кешігуіне байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында үкімет басшысы теміржол саласы мен инфрақұрылымның даму барысымен танысты. Ол басқарма төрағасына бекітілген көрсеткіштерді уақтылы орындау үшін шұғыл шаралар қабылдауды міндеттеді.

"Талғат Сағиұлы, сіздің алдыңызда транзиттік тасымалдарды 55 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті тұр. Алайда, менде бар ақпаратқа сәйкес, бүгінде жоспарлы көрсеткіштерден 30%-ға артта қалып келесіздер. 23 млн тоннаның орнына «ҚТЖ» небәрі 16 млн тонна тасымалдаған. Бекітілген көрсеткіштердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңізде", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Талғат Алдыбергенов елімізде жолаушылар вагондарының тозу деңгейі 36 пайызға дейін төмендегенін баяндады. Оның айтуынша, соңғы үш жыл ішінде 433 локомотив сатып алынып, сүйреу құрамының тапшылығы толық шешілген.

Осы шаралардың арқасында магистральдық локомотивтердің тозуы 66 пайыздан 58 пайызға дейін азайды. Жолаушылар секторында бұл көрсеткіш бес жылда 46 пайыздан 36 пайызға қысқарды.

"Біз жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартуды жалғастырып келеміз. 2030 жылға дейін тағы 754 локомотив сатып алу жоспарланған, олардың қатарына жүк, жолаушы және маневрлік локомотивтер кіреді. Қызмет ету мерзімінің аяқталуына байланысты істен шығатын құрамды ескере отырып, шамамен 20 мың жаңа жүк вагоны сатып алынады. Сонымен қатар алдағы жылдары 746 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан барлық шаралар теміржол тасымалдарының қауіпсіздігі мен сенімділігін түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді", – деді Талғат Алдыбергенов.

Сонымен қатар үкімет отырысында теміржол саласын дамытуға бағытталған жаңа бастамалар жарияланды. 1 шілдеге дейін жаңартылған алғашқы 30 вокзал жұмысын бастайтыны айтылған. Жалпы ел бойынша 124 вокзал жаңғыртылады.

Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы тарихи нысандарды қоспағанда, қалған вокзалдардағы жөндеу жұмыстарын бірінші қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Биылғы жылдың қараша айында Дарбаза мен Мақтаарал, сондай-ақ Мойынты мен Қызылжар жаңа теміржол желілері бойынша қозғалысты ашу тапсырылды. Бұл қадам биыл транзитті 55 млн тоннаға дейін арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Сондай-ақ үкімет жолаушылардың шағымдарына байланысты Stadler жаңа вагондарын жеткізуді жеделдетуді жүктеді. Жыл соңына дейін желіге 215 жаңа локомотив және шамамен 1,5 мың жүк пен жолаушылар вагоны шығарылмақ. Бірінші қыркүйекке дейін отандық өндірістен 13 мың жүк және 500 жолаушылар вагонын сатып алудың бес жылдық бағдарламасы бекітіледі.

Көлік саласында жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін Smart Rail жаңа жүйесі енгізіліп, тасымалды нақты уақыт режимінде басқаратын бірыңғай деректер базасы құрылады. Бұған қоса Астана, Алят, Свислочь, Селятино, Будапешт, Чэнду және Констанцадағы халықаралық терминалдар желісін дамытуды тездету тапсырылды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда транзиттік тасымал 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өскен. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 млн тоннаға, ал 2040 жылы 100 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Өткен жылы Қазақстанның теміржол машина жасау саласындағы өндіріс көлемі айтарлықтай өсіп, 734 млрд теңгеге жеткен.

Айта кетейік, осыған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазмырыш мекемесінің басшысына да сөгіс жариялаған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий