«Оңбаған болмаңдар»: Дәурен Абаев жастарға ақыл айтты

18.09.2026 12:51 Әсел МҰРАТ
«Оңбаған болмаңдар»: Дәурен Абаев жастарға ақыл айтты
337
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Екатеринбургте өткен Халықаралық жастар фестиваліне қатысушылармен жүздесті. Кездесуге еліміздің барлық өңірінен жүзге жуық жас жиналды, деп хабарлайды Politico.kz kaztourism.media-ға сілтеме жасап.

Елші жастарға болашаққа қатысты үш маңызды кеңес айтты. Алғашқы кеңесін әдеттегіден өзгеше, есте қаларлық сөздермен жеткізді.

«Оңбаған болмаңдар. Дұрыс аударыла ма, білмеймін, бірақ осылай болады деп үміттенемін. Егер «жақсы адам болыңдар» десем, бәлкім, бұл сөздер есте қалмас еді. Ал оңбаған болмау – өте маңызды қасиет әрі дағды», – деді Дәурен Абаев.

Екінші кеңесі – кәсіби маман болу. Елшінің айтуынша, адамның қай салада еңбек ететіні маңызды емес, ең бастысы – өз жұмысының қыр-сырын жетік меңгеруі.

«Тек оқумен шектелмеңдер», – деді ол.

Абаев жастардың үшінші кезекте әлеуметтік байланыстарға көңіл бөлуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, студенттік кезеңді тек сабаққа арнамай, қоғамдық жұмыстарға, спортқа және түрлі ортаға араласуға пайдаланған жөн.

Елші өз студенттік шағын да мысалға келтірді. Ол университетте студенттер кәсіподақ комитетін басқарғанын, 1997–1998 жылдары Қазақстандағы КВН чемпионатына қатысқанын айтты. Сондай-ақ футбол ойнап, спортпен белсенді айналысқан.

Абаевтың сөзінше, студенттік жылдардағы осындай белсенділік оған оқу орнын тәмамдағанға дейін көптеген адаммен танысып, кең орта қалыптастыруға мүмкіндік берген.

«Студент кездеріңдегі ең басты ресурстарың – уақыт. Оқуды аяқтаған соң жеке өмірге, жұмысқа және басқа да міндеттерге байланысты дәл қазіргідей бос уақыттарың болмайды», – деді дипломат.

Войдите, чтобы оставить комментарий