«Оның әнімен сырғанау маңызды болды»: Михаил Шайдоров Димашқа алғыс айтты
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін Димаш Құдайбергенге алғыс білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Миланда өткен Олимпиадада ерлер арасындағы жеке сайыста алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоровты құттықтап, жылы лебізін білдірген болатын. Сонымен қатар, ол спортшыға автокөлік сыйлайтынын да айтқан.
Димаш өз кезегінде Шайдоровтың еркін бағдарламада өзінің композициясын таңдағанына ризашылығын білдіріп, мұны үлкен құрмет санайтынын жеткізген.
Ал Михаил Шайдоров әншінің бейнеүндеуін көргенін айтып, шынайы алғысын жеткізді.
«Иә, мен оны көрдім. Мен Димашқа – ең алдымен құттықтауы үшін және ол жазған музыка үшін шексіз ризамын. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Шынымды айтсам, мен Димаштың әнімен Олимпиадада алтын медаль жеңіп аламын деп елестете де алмағанмын. Бірақ менің үлкен мақсатым – дәл осы музыканы таңдау болды. Оны бес-алты жыл бұрын естідім, сол сәтте-ақ Миландағы Олимпиадаға қатысып, дәл осы әуенмен сырғанаймын деп шештім. Маусым бойы қысым көп болды – бұл ән еркін бағдарламаға, әсіресе Олимпиадаға сай келмейді деген пікірлер айтылды. Бірақ мен оған мән бермеуге тырыстым, себебі мен үшін дәл осы музыкамен сырғанау маңызды еді», – деді Шайдоров.
Соңғы жаңалықтар