Оралдық келіншек балабақшадан келген 2 жасар қызының жыныс мүшесінің қанап тұрғанын байқаған (ВИДЕО)
 
                                Оралда әйел 2 жасар қызының балабақшадан үйге келгенде жыныс мүшесінің қанап кеткенін байқаған, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Әйел болған жағдайға балабақша иесінің қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Бүлдіршіннің анасы видео жариялады.
Айтуынша, сұмдық жағдай осыдан 9 ай бұрын болған. Анасы 1 жас 11 айлық қызының жыныс мүшесінің қанап тұрғанын киімін шешкенде байқаған.
«18 ақпан күні қызым «Happy Time» балабақшасынан жыныс мүшесінен жарақат алып келді. Шешіндіргенде қатып қалған қанды, жыныс мүшесінің жыртылып кеткенін және оның әлі де қанап тұрғанын көрдім. Тәрбиешілерге хабарластым. Олар ештеңе білмейміз деді. Бірден жедел жәрдем шақырттым. Гинекологқа барып тексерілдік. «Жарақат алған, не болғанын айтпады ма» деп сұрады. Ол арыз жазып, сараптама жасатып, жұғынды алуға кеңес берді», – деп жазды анасы.
19 ақпан күні ол балабақшаға бейнекамераларды көруге барған. Түскі уақытта қызының әжетханада ұзақ уақыт отырып қалғанын байқаған. Сондай-ақ тәрбиешісі бірнеше рет кірген.
«Жанында көмекшілері жоқ. Түскі ұйқы кезінде қызымның жанына 3 апайы келіп отырды. Камерадағы жазбаны алғаным жақсы болған. Әйтпесе балабақша иесінің іште жүріп, балалардың әжетханасынан кіретінін білмейтін едім. Жасырын есігі бар екен. Мұны Абай бөлімшесі мен Орал қалалық прокуратурасы жылы жауып қойды. Арыз жаздым, бірақ іс әрең жүріп жатыр», – дейді әйел.
Айтуынша, қазір қолында камерадағы жазба, гинеколог мен педиатрдың тексерген қағазы, сол сәтте түсірілген суреттер мен видеолар бар. Ол Орал қалалық прокуратурасына екі рет арыз жазған. Одан eӨтінішпен Астанаға жазған. Олар Оралға қайта жіберген. Сөйтіп Абай бөлімшесі істі қайта жауып тастаған.
Осы оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облыстық полициясы түсініктеме берді.
Полицияның хабарлауынша, 2025 жылдың 19 ақпанында Абай полиция бөліміне қала тұрғынынан кішкентай қызының балабақшаға барған кезде дене жарақатын алғаны туралы шағым түскен.
«Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.Тергеу барысында бейнебақылау жазбалары алынып, мұқият қаралды, сот-медициналық сараптама жүргізілді, куәгерлерден жауап алу, беттестіру және оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған басқа да тергеу әрекеттері жүргізілді. Бірқатар тергеу шараларынан кейін қылмыстық іс осы жылдың 18 маусымында тоқтатылды. Процедуралық шешімді қадағалау органы бекітті», - деп хабарлады полициядағылар.
 
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                            