Өскемендегі “Казцинк” зауытындағы жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

06.05.2026 18:17 Қарақат АСЫЛОВА
Өскемендегі “Казцинк” зауытындағы жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
768
Ауыр халдегі науқасқа шұғыл көмек көрсетілуде

Өскемен қаласындағы “Казцинк” металлургиялық алаңында болған жарылыстан зардап шеккендердің бірі Астанаға емделуге жіберіледі, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Оқиғадан кейін Өскеменге Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан екі жетекші маман келді. Атап айтқанда, бас реаниматолог Бақыт Жарқымбеков пен бас комбустиолог Жомарт Жалғаспаев зардап шеккендерді тексеріп, емдеу тактикасын анықтады.

Дәрігерлердің мәліметінше, ауыр күйік алған науқас өте ауыр жағдайда. Қазіргі уақытта ол кемінде 72 сағатқа созылатын қарқынды терапия алып, күйік шогынан шығарылмақ. Оның жағдайы тұрақтанғаннан кейін Астанаға тасымалдау мәселесі қаралады.

Ал омыртқа жарақатын алған екінші науқас 7 мамыр күні санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізіліп, нейрохирургиялық операция жасалады.

Жалпы, жарылыстан кейін 5 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылды: бірі травматология бөліміне, екіншісі жансақтау бөліміне орналастырылды. Қалған үш адамға амбулаториялық көмек көрсетілді.

Еске салайық, 5 мамыр күні “Казцинк” кәсіпорнында түтін сорғышты тазалау кезінде жарылыс болып, кейін өрт шыққан және құрылымдардың бір бөлігі опырылған. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бес жұмысшы жарақат алды.

Войдите, чтобы оставить комментарий