"Отбасын жертөлеге қамап кеткен": Депутаттың үйіне қарақшылық жасалды

Ақмола облысында мәслихат депутатының үйіне қарақшылық шабуыл жасалды
15 шілдеге қараған түні Ақмола облысы Астраханка ауылында аудандық мәслихат төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, түнгі сағат 12 шамасында екі белгісіз адам беттеріне маска киіп, Қожахметтің жекеменшік үйіне баса-көктеп кірген. Қару ұстаған қаскөйлер үй ішінде болған отбасы мүшелерін жертөлеге қамап, үйді тінтіп шыққан.
Қарақшылар ақша, алтын бұйымдар және үй иесіне тиесілі автокөлікті алып кеткен. Олар дәл осы көлікпен оқиға орнынан із суытып үлгерген.
Ақмола облыстық полиция департаменті бұл оқиғаны растады. Қазір шабуылдаушылардың кім екенін анықтау және оларды ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Іс облыстық полиция басшылығының тікелей бақылауында.
Қарақшылық шабуылдың мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.
Соңғы жаңалықтар





