Әскерге өз аяғымен кетіп табытпен оралған баланың анасы әділдік сұрауда

16.12.2025 13:34 Арман Ермеков Арман Ермеков
Әскерге өз аяғымен кетіп табытпен оралған баланың анасы әділдік сұрауда
0
348
Фото: azh.kz

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, темір табытпен оралған сарбаздардың қатары сиремей тұр. Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінде көз жұмған 18 жастағы Өмірбек Есбергеновтың анасы ұлының ресми құжаттағыдай «өз өлімімен өлгеніне» сенбейді. Зар илеген ана перзентін ұрып өлтірді деп есептейді, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Балықшы ауылының тумасы, Атырау индустриалды колледжінің 3-курс студенті болған Өмірбек әскерге өз еркімен сұранған екен. Анасы Айна Есбергенованың айтуынша, ұлы кішкентайынан еңбекқор, пысық болып өскен. Мектепте үздік оқып, спортпен шұғылданған, 14 жасынан бастап нәпақасын өзі тапқан өр мінезді бозбала болған.

Марқұм қызмет барысында анасымен жиі хабарласып тұрған. Алайда ана жүрегі бір гәптің барын сезгендей. Өмірбек үйінен жиі ақша сұрап, бірақ қаражатты өзінен жарты жыл бұрын әскерге келген Нұрмұхасан Орынбаев есімді сарбаздың есепшотына аудартқан.

«Ұлым қайтыс болғаннан кейін біз оның шотын тексердік және барлық ақшаның дәл соған түскенін көрдік. Кейін бұл қаражат командирлер мен сержанттарға берілгені белгілі болды. Бірақ тергеу бұған көз жұма қарап, ескермеді», – дейді Айна Есбергенова.

Анасы ұлымен соңғы рет 7 сәуірде тілдескен. «Мама, маған мұнда ұнайды, қалатын шығармын» деген ұлына анасы «Аман-есен оралшы, балам» деп тілек айтқан. Алайда небәрі екі күннен соң, 9 сәуірде үйге суыт хабар жеткен. Офицерлер Өмірбектің «жүгіріп бара жатып, жүрегі тоқтап қалғанын» айтқан.

Бұл нұсқаға сенбеген ана Оралға барып, мәйітті өзі алып кеткен. Мәйітханадағы көрініс оны есеңгіретіп тастаған.

«Оны киіндіріп қойған екен. Мен оны қайтадан шешуді талап еттім және өзім ұрып-соғудан зақым алған жерлерін суретке түсірдім. Гематомалар, басында ісік, денесінде соққылардың ізі болды. Бұл доғал затпен жасалған соққылар еді», – деп еске алады қара жамылған ана.

Кейінірек белгілі болғандай, қайғылы оқиғаның астарында басқа шындық жатуы мүмкін. Анасының сөзінше, Өмірбек үш тәулік бойы көз ілмей кезекшілікте тұрған. Шаршап, төртінші күні ұйықтап кеткені үшін командирі мен әлгі сарбаз оны соққыға жыққан.

«Құлағаннан кейін ұлым шамамен 20 минут тірі болды. Бірақ оған ешқандай медициналық көмек көрсетілмеді. Оны жай ғана бір жерден екінші жерге сүйреген. Дәрі де, дәрігер де - ештеңе жоқ. Олар оны еш жәрдем бермей өлтірді», – дейді анасы.

Қазіргі таңда ресми тергеу әлі де «кенеттен қайтыс болды» деген нұсқаны ұстануда, ал ұрып-соғудың барлық дерегі, анасының айтуынша, теріске шығарылды.

«Ұлымның өліміне қатысы бар адамдар бүгін еркіндікте жүр. Олар еркін өмір сүріп жатыр, ал менің балам жер қойнында. Мен бұл істің жабылып қалғанын қаламаймын», – дейді Айна Есбергенова.

Әділдіктен күдер үзген ол, перзентінен айырылған басқа да аналармен бірге митингке шыққан. Олар істің ашық жүргізілуін және әскердегі өлім-жітімді жасыруды тоқтатуды талап етуде.

Сонымен қатар оқыңыз, Әскердегі сарбаздар өлімі туралы сұрақ қойылғанда министр күліп жіберді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий