"Өзгенің қайғысынан пайда тапқысы келеді": Белгілі әнші емшісымақтардың былығын ашты

27.03.2025 13:34
0
62
видеодан алынған кадр

“Диета KZ” тобының әншісі Жасұлан Базарбай аутист қызына байланысты желіде жиі пікір қалдырып жүрген емші-молдасымақтарға қатысты ашық үндеу жасап, ел назарын қоғамда белең алып бара жатқан өзекті мәселеге аударды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы мәлімдеді.

Өнер иесі қызын емдеп беремін деп құр уәде беретін жалған “емшілерді” сынға алды. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде қызының ән айтып тұрған видеосының астына өзін емші, құтқарушы, шипагер ретінде таныстыратын адамдар жаппай пікір қалдыруда.

“Қызымның ән айтып тұрған видеосының астына неше түрлі 'емші', 'құтқарушы', 'шипа беремін' дейтін адамдар жаппай пікір қалдырып жатыр. Мен сіздерге бір шындықты айтқым келеді. Біз осы 9 жылда бармаған жер, баспаған тау қалдырмадық. Қақпаған ем-дом, алмаған 'молда', 'балшы', 'энергетик', 'дәруіш' қалмады. Бірақ ешқайсысы нәтиже берген жоқ”, – деп жазды әнші.

Ол мұндай адамдардың әрекетін ауыр жағдайдағы отбасылардың үмітін пайдаланып, қалтасын қағумен тең деп есептейді. “Кейбіреулер – 'көршісінің үйі өртеніп жатқанда, бас үйітіп алатын' жаман көрші сияқты. Өзгенің қайғысын пайдаланып, пайда табуды ғана ойлайды”, – деп ашынды Жасұлан Базарбай.

Сондай-ақ ол өз жағдайын мысал ете отырып, осындай жағдайға тап болған ата-аналарға да кеңес айтты. Алаяқ емшілерге алданбауға шақырған әнші былай деп жазды:

“Әрине, бәріне топырақ шашпаймын, ішінде шын жанашыр адамдар да бар. Бірақ емшісымақтар, сіздерге бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Өмірдегі ең жаман нәрсе – адамның үмітін ұрлау. Ата-ана баласына үмітпен қарайды. Ал сендер сол үмітті жалған уәдеңмен өшіріп жатырсыңдар. Бұл жақсылыққа апармайды. Құрметті ата-аналар, осындайларға сене бермеңіздер. Үмітіңізді ақшаға айырбастамаңыздар!”

Жасұлан Базарбайдың бұл жазбасы көпшіліктің қолдауына ие болып, әлеуметтік желіде кеңінен таралуда. Ол өзінің басынан өткен қиындықтар арқылы ата-аналарды адаспауға, жалған үмітке ермеуге үндейді. Сонымен қатар бұл үндеу – ерекше баласы бар отбасылардың шынайы дауысы мен жанайқайын көрсететін маңызды әлеуметтік месседжге айналып отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий