Парламент президент туралы заңды қабылдады

20.05.2026 10:56 Әсел Мұрат
Парламент президент туралы заңды қабылдады
58
Фото: ашық дереккөз

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Президент туралы» Конституциялық заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Заң жобасында Қазақстан Республикасы Президенті мен Вице-президентінің құқықтық мәртебесі нақты айқындалып, қолданыстағы конституциялық реттеудің негізгі қағидаттары мен құқықтық сабақтастығы сақталған.

Жоба 8 тарау мен 43 баптан тұрады.

«Бұған қоса, бұрынғы заңнамадағы нормалар жан-жақты пысықталып, редакциялық тұрғыдан жетілдірілді. Парламент Регламентінің талаптарына сәйкес бірлескен комиссия депутаттар мен тұрақты комитеттердің ұсыныстарын қарауы тиіс болатын. Алайда комиссия қарауына қандай да бір түзетулер мен ескертулер түскен жоқ. Осыған байланысты заң жобасы бастапқы редакцияда ұсынылып отыр», – деді  Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ.

Заңнамадағы жаңа элементтердің бірі – Қазақстан Республикасының вице-президенті институтын енгізу. Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша әрекет етіп, мемлекеттік органдармен және өзге де құрылымдармен қарым-қатынаста оның атынан өкілдік етеді.

Сондай-ақ заң президенттің Құрылтаймен және басқа да билік институттарымен өзара іс-қимылын реттейді. Өкілеттіктерді бөлу жүйесі тежемелік әрі тепе-теңдік механизмдерін нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий