Павлодарда салон клиенттің терісін күйдіріп жіберген
Павлодарда косметологиялық процедурадан күйік алған тұтынушыға ақшасы қайтарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны сұлулық студиясынан 130 мың теңгеге лазерлік процедуралар пакетін рәсімдеген. Алайда алғашқы сеанс кезінде терісі қатты күйіп, термиялық жарақат алған әйел дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Оқиғадан соң анықталғандай, процедураны салон қызметкері емес, бөгде адам жүргізген.
Зардап шеккен әйел келісімшартты бұзып, пайдаланылмаған сеанстар үшін 130 мың теңгені қайтаруды әрі денсаулығына келтірілген зардапты өтеуді талап етіп, салон әкімшілігіне сотқа дейінгі талап-арыз жолдаған.
Бастапқыда мекеме талапты орындаудан бас тартқан.
Дауға облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті араласып, тұтынушыға заңгерлік қолдау көрсетті. Нәтижесінде тараптар бітімге келіп, салон клиентке 120 мың теңгені кері төледі. Мамандар тұрғындарға жарнамаға алданбай, косметологиялық қызметтерді таңдауда сақ болуды ескертеді.
Соңғы жаңалықтар