«Президент әкімшілігінде жұмыс істеген ағамның кесірі»: Асаубаева не үшін Ресей атынан шыққанын айтты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева спорттық азаматтығын ауыстыруының себебін ашып айтып, не себепті қазақ тілін үйрене алмай жүргенін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Білесіздер ме, мұны мойындағым келмесе де, өкінішке қарай, бұл шындық… Бүкіл мансабым барысында түсінгенім қазақтарға ең қиыны өз азаматтарының жетістігіне қуанып, қолдау көрсету болды. Маған «сен Ресей үшін өнер көрсеттің» деп жазады. Иә, бала кезімде, 12 мен 15 жас аралығында Ресей намысын қорғап, сол елдің атынан шықтым. Ал елге (Қазақстанға – ред.) бәрі басталмай 2019 жылы оралдым.
Ал спорттық азаматтықты ауыстыруымның себебі (мен қашан да Қазақстан азаматы болдым) қаржыландыруға байланысты емес еді. Бұған менің туған ағам себеп болды. Ол түрлі кедергілер жасап, менің дамуыма тосқауыл қойды (ол Президент әкімшілігінде жұмыс істеген). Оны қызметінен алып тастағаннан кейін ғана біз елге оралып, бұл туралы ашық айттық. Ал бұл мәселені сәл болса да мұқият зерделеген адамдар өздерін қатыгез ақымақтар сияқты ұстамас еді», — деп жазды шахматшы.
Ол не себепті қазақ тілін үйрене алмай жүргенін де айтты. Айтуынша, жұмыс кестесі тығыз екен.
«Қазақ тілі жөнінде айтар болсам, арнама жазылғандардың бәрі жұмыс кестемді жақсы біледі, 1 желтоқсаннан бері үйде бар-жоғы 12–15 күндей ғана болдым. Соған қарамастан, оқу-жаттығу жиындары кезінде тілді үйренумен айналыстым. Бірақ мұндай жеккөрушілік пен хейттің кесірінен тіл үйренуге дегем ынтам әр жолы азая түсуде. Ал егер біздің министрлік шахматтың маңызды емес екенін айтудан және менің парақшама боттарды айдап салудан басқа ештеңеге қауқарсыз болса, онда олардың құны көк тиын», — деп жазды спортшы өзінің Telegram арнасында.
Осыған дейін танымал спортшы Instagram желісінде министрліктің ұстанымы Мемлекет басшысының бағытына қайшы келетінін мәлімдеп, шенеуніктерге қатаң жауап қайтарған болатын. Бұл дау Бибісара Асаубаеваның жалақының қысқаруы мен қолдаудың жоқтығын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдауынан басталды.
Шахматшының сөзі қоғамда үлкен пікірталас тудырғаннан кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл баспасөз жиынын өткізуге мәжбүр болды. Аталған жиында вице-министр Серік Жарасбаев спортшының шағымын жоққа шығарып, Президент марапатының неліктен кешіккенін түсіндіре келе, қазіргі спортшылар ұлттық намыстан гөрі қаражатты бірінші орынға қояды деген пікір білдірген еді.
Соңғы жаңалықтар