Президент реформалардың Әділетті Қазақстан құрудағы маңыздылығын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформалар мен 2022 жылғы референдумның маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер елді әділетті қоғамға айналдыру жолындағы маңызды қадам болды.
"Референдум нәтижесінде Конституцияның үштен бірі өзгерді, бұл – Қазақстанның саяси тарихындағы елеулі оқиға", – деді Тоқаев.
Президенттің бастамасымен енгізілген реформалар билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, қоғамның саяси өмірге белсенді қатысуына жол ашты.
Саяси жүйенің жаңғыруы "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасын жүзеге асыруға негізделді. Осы реформалар арқылы билік институттары барынша ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді.
Президент реформаларға тоқтала келе: "Конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекеттің өзара тиімді ықпалдастығын арттырып, еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болды", – деп атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – елді тұрақты әрі әділетті даму жолына шығару.