"Президент шаршады": Президенттің бәріне араласуы жүйенің әлсіздігін көрсетеді

21.07.2025 15:19
0
1363
Коллаж: POLITICO.KZ (Сурет: Григорий Сысоев / РИА Новости)

Мағбат Спанов: Президенттің бәріне араласуы - жүйенің әлсіздігін көрсетеді

Саясаттанушы әрі ғалым Мағбат Спанов Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесіндегі теңгерімсіздікке алаңдап отыр. Оның айтуынша, президенттің кез келген мәселеге араласуға мәжбүр болуы саяси жүйенің дұрыс құрылмағанының белгісі.

— Менің ойымша, президент шаршады. Себебі үлкен де, кіші де мәселеге байланысты үнемі өзі пікір білдіруге мәжбүр. Бұл оның шексіз белсенділігі емес, керісінше, мемлекеттегі жүйелік проблеманың айқын көрінісі, — дейді саясаттанушы.

Ғалым 30 жыл бұрын қабылданған Конституцияда президенттік билікке басымдық берілгенін айтады. Ол кезде бұл жедел реформалар жүргізу үшін қажет болды. Алайда кейінгі өзгерістер билікті одан әрі орталықтандырып, министрліктер мен әкімдіктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін жойып жіберді.

— Министрлер мен әкімдер тек президент алдында жауапты. Қоғам алдында ешбір жауапкершілік жоқ. Осы себепті де кез келген маңызды оқиғаға президенттің өзі араласуына тура келеді, — дейді ол.

Спановтың пікірінше, 2022 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер де бұл жағдайды түбегейлі шешкен жоқ. Керісінше, жағдайды күрделендіріп жіберді.

— Қазір орталық органдар мен жергілікті билік басшылары өз бетінше шешім қабылдаудан қашады. Себебі жауапкершілік тек жоғары жақта деп есептейді. Мұндай жүйе дұрыс емес. Егер қандай да бір арбитр үнемі қажет болса, бұл — билік тармақтарының тең еместігінің белгісі, — дейді саясаттанушы.

Ол билік тармақтары Конституция бойынша тең болуы керектігін еске салды. Алайда Қазақстанда атқарушы билік яғни президент заң шығарушы және сот билігінен жоғары тұр.

— Бұл шешім қабылдаудағы үлкен ауытқуға алып келеді. Сондықтан саяси жүйеде нақты өзгерістер керек, — дейді Спанов.

Ғалымның сөзінше, 90-жылдары енгізілген қолмен басқару моделі сол кездегі өтпелі кезеңге сай уақытша амал болуы тиіс еді.

— КСРО құлағаннан кейінгі дағдарыс, Азиядағы қаржы дағдарысы және экономикалық тұрақсыздық сол кездегі жүйенің қалыптасуына әсер етті. Алайда сол жүйе бүгінге дейін сақталып отыр. Бұл — қате.иПрезиденттің бәріне өзі араласуы оның барлық мәселені бақылауда ұстап отырғаны емес, керісінше, жүйенің осалдығы. Бүкіл мемлекеттік басқару президенттің өзіне байланған. Бұл домино тәрізді: біреуін алып тастасаң, бүкіл құрылым құлайды. Жүйе дәл қазір өзгертуді қажет етеді, әсіресе геосаяси және геоэкономикалық ахуал шиеленісіп тұрған шақта, — деп түйіндеді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол жергілікті шенеуніктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де сынға алды. Мысалы, Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев: "Мен тек президент алдында есеп беремін" деген еді.

— Бұл биліктің әлсіздігі. Министрлер мен әкімдер халықпен тіл табысқысы келмейді, жауапкершіліктен қашады. Олар үшін бастысы - президенттің көңілінен шығу, — дейді Спанов.

Оның айтуынша, билік өкілдері тек жоғарыдан берілгенді қайталаумен шектеледі. Бұл президенттің мықты командасының жоқтығының белгісі. Егер сенімді команда болса, әр мәселені президентке дейін жеткізбей-ақ шеше алар еді, дейді Мағбат Спанов.

Дереккөз: informburo.kz

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий