Президенттің қыркүйектегі сапары қызу өтпек: Тоқаев екі елге барады

11.09.2026 10:38 Әсел МҰРАТ
Президенттің қыркүйектегі сапары қызу өтпек: Тоқаев екі елге барады
257
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының ортасында Үндістан мен Корея Республикасына жұмыс және мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Politico.kz.

12-13 қыркүйекте мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен Нью-Делиде өтетін XVIII БРИКС саммитіне қатысады. Саммит барысында Тоқаев «БРИКС+» және «аутрич» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді.

Жиын биыл «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналады. Президенттің Үндістан үкіметінің басшысы Нарендра Модимен келіссөз өткізуі және бірқатар мемлекет пен үкімет басшыларымен кездесуі жоспарланған. XVIII БРИКС саммиті Нью-Делиде 12-13 қыркүйекте өтетіні бұған дейін де хабарланған болатын.

Одан кейін, 14-16 қыркүйек аралығында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяға мемлекеттік сапармен барады. Сапар президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен ұйымдастырылып отыр.

15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан мен Корея басшыларының жоғары деңгейдегі келіссөздері өтеді. Тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның ірі компанияларының басшыларымен кездеседі.

Ал 16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитіне қатысады.

Войдите, чтобы оставить комментарий