Президенттің жақын досы әрі серіктесі Тәшиевке үкім шықты

03.07.2026 09:12 Әсел МҰРАТ
Президенттің жақын досы әрі серіктесі Тәшиевке үкім шықты
185
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан астанасы Бішкектің Бірінші май аудандық соты «75-тің хаты» деп аталған қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот процесі жабық режимде өткеніне қарамастан, үкім көпшілік алдында жария етілді.

24.kg агенттігінің хабарлауынша, іс бойынша барлық айыпталушы «Билікті күшпен басып алу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олардың мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.

Үкім шығарылғандар:

  • Қамшыбек Тәшиев – Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-төрағасы;
  • Нұрланбек Тұрғынбек уулу – Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы;
  • Құрманқұл Зулушев – Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты;
  • Бекболот Талғарбеков – қоғам қайраткері;
  • Эмилбек Ұзақбаев – Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі;
  • Құрманбек Дыйқанбаев – Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты;
  • Аалы Қарашев – бұрынғы вице-премьер әрі экс-депутат;
  • Құрсан Асанов – ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары.

Алайда сот тағайындаған төрт жылдық бас бостандығынан айыру жазасы үш жыл мерзімге пробациялық бақылаумен алмастырылды. Осыған байланысты сотталғандар жазасын түзеу мекемесінде өтемейді.

Сонымен қатар сот оларды «Қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану» бабы бойынша ақтау туралы шешім шығарды.

Ақпан айынан бері қамауда отырған бес айыпталушы – Бекболот Талғарбеков, Эмилбек Ұзақбаев, Құрманбек Дыйқанбаев, Аалы Қарашев және Құрсан Асанов сот залынан бірден босатылды.

Пробациялық бақылау сотталғандардың бас бостандығынан айырылмайтынын, алайда сот белгілеген мерзім ішінде пробация қызметінің қадағалауында болатынын білдіреді.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, әрқайсысын тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Қылмыстық іс саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері тобының үндеуіне байланысты қозғалды. Онда кезектен тыс президент сайлауын өткізу және мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қажеттігі айтылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, «75-тің хаты» жай ғана саяси мәлімдеме емес, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға және билікті өзгертуге бағытталған науқанның бір бөлігі болған.

Ал айыпталушылар тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий