Продюсер: Бұрын қыздар тобы бай "ағашкалар" үшін құрылған сияқты
Танымал продюсер Алуа Қонарова кезінде өзі жетекшілік еткен топтардың басынан өткен шытырманға толы оқиғаларын еске алды. Мұнайлы өлке мен ірі қалалардағы «мальчишниктер» мен жабық кештердің басты қонағына айналған қыздар тобын дәулетті азаматтар жиі шақыратын болған. Тіпті бірде басқа қалада он күн бойы үздіксіз өнер көрсетуге тура келген, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында айтты.
«Ол кезде барлығы еркін әрі ашық еді. Сахнада ашық-шашық киініп өнер көрсету ағаттық немесе жаман қылық болып көрінбейтін. Бірақ қазір ойлап қарасам, ол кездегі гёрлз-бэндтер тек бәрінен мезі болған, жиі кештер мен корпоративтер ұйымдастыратын дәулетті «ағашкалар» үшін құрылған сияқты. Әсіресе ол жылдары, яғни отандық олигархтарға мұнай долларлары жауған кезде, жігіттер кештері өте жиі өтетін. Олар квазимемлекеттік секторды өздері билеп-төстеп, ақшаны оңды-солды шашты. Сол себепті бұл қыздар тобы осындай кәсіпкерлердің көз қуанышы үшін жасалғандай еді. Оларды түрлі шараларға шақырып, сатып алатын», – деді Алуа Қонарова.
Продюсер арнайы ұйымдастырылған кештер мен сахна жарығының артында ұйқысыз түндер мен үздіксіз гастрольдік сапарлар тұрғанын айтады. Мұнымен қатар, ол қыздар тобымен жұмыс істеудегі басты қағидасын тілге тиек етті.
«Бірде тіпті басқа қалаға 10 күнге ұшып барып, күн сайын, түн сайын өнер көрсеткен кезіміз болды. Бірақ менің басты міндетім – қыздардың абыройын сақтап, іс-шара аяқталған соң оларды сол жерде түнге қалдырмай, аман-есен алып кету еді», – деді ол.
Сөзін ары қарай сабақтаған ол тапсырыс берушілер тарапынан болған түрлі жағымсыз да қауіпті жағдайларды да ашық айтты.
«Жалпы, қыздар тек сахнада өнер көрсетті. Түрлі жабық кештер, банкеттер, жігіттер жиыны жиі болатын. Корпоративтік банкеттер қауіпсіз еді: мысалы, қандай да бір компанияның немесе банктің кешінде өнер көрсетесің де, кетесің. Ал жігіттердің жеке кештерінде жағдай қиынырақ болатын. Ол жерде қыздарды арашалап алуға тура келетін. Маған қоқан-лоққы жасап, қол көтермек болған, сөгіп, балағаттаған сәттер аз болған жоқ. Түрлі жағдайды бастан кешірдім», – деді продюсер.
Соңғы жаңалықтар