Профессор: Аутист балалардың рухы кванттық әлемде байланып тұр

10.08.2026 13:03 Томирис САҒЫНДЫҚ
Профессор: Аутист балалардың рухы кванттық әлемде байланып тұр
81
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Нұр-Мүбарак университетінің профессоры, исламтанушы Мұхитдин Исаұлы ауыр дертке шалдыққан жандарға дем салу тәжірибесі мен балалар арасындағы аурулардың рухани себептері туралы пікір білдірді. Ғалымның айтуынша, емдеу барысында өзі белгілі Мәшһүр Жүсіптің дұғаларын қолданады. Сондай-ақ профессор соңғы жылдары даму кідірісі, аутизм, сал және Даун синдромы сияқты дертке шалдыққан балалардың көбейіп кеткеніне назар аудартты. Оның сөзінше, мұндай аурулардың физикалық сипатынан бөлек, рухани да себептері бар. Ғалым мұндай жағдайлар көбінесе баланың ана жатырындағы кезеңінен басталатынын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы профессор журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі. 

«Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың тегінен тараған аталарымыз да кезінде дем салған. Мәшһүр Жүсіп дұғаларын оқып, дем салатыным бар, бірақ бұл жағдай тым жиі кездесе бермейді. Кейде ауыр дертке немесе эпилепсия сияқты қиын ауруларға шалдыққан адамдар келеді. Ондай сәттерде өзім шығарған дұғаларды емес, белгілі Мәшһүр Жүсіп дұғаларын оқимын. Маған керегі — дұғаны оқыған кезде Алланың қалауымен сол адамдардың дертіне шипа берілуі. Соны зерттеп, соған қызығушылық танытамын. Мұндай мәліметтерді арнайы сақталған кітаптардан тауып оқимын», — деді Мұхитдин Исаұлы.

Ары қарай ол ауыр дертке шалдыққан балаларға тоқталды. Айтуынша, бұл аурулардың рухани себебі бар.

«Қазіргі таңда ЗПР, аутизм, сал немесе Даун синдромы сияқты дертке шалдыққан балалардың квант әлемінде рухын байлап тастайды. Бұл көбінесе ата-анасынан келеді. Мұндай жағдайда баланың рухы құрсақта жатқан кезден-ақ байланып қалады», — деді профессор.

Мұнымен қатар, Мұхитдин Исаұлы  соңғы кезде мұндай дертке шалдыққан балалардың саны күрт көбейгеніне таңғалғанын айтты.

«Мысалы, 80 мың, 250 мыңдай ауру бала бар дегенді естіп: «Осы балалар өскенде ертең не болады?» — деп ойландым. Бұрын бұл қазақ арасында сирек кездесетін. Зерттеп қарасам, мұндай жағдайлар ауылдық жерлерде әлі де аз кездеседі екен. Сондағы ұққаным — ауылда рухани тазалық сақталған, онда рухани кері әсерлер азырақ. Ал қалада материализм басым болғандықтан, мұндай дерттер жиірек ұшырасады. Әрине, бәрі де Алланың әмірімен болады. Осының бәрін зерттеп, арнайы дұғаларды оқып жүрмін. Арасында сауығып, жақсарып жатқандар бар, енді біреулері емделу үстінде. Бұған белгілі бір уақыт керек. Оқылған дұғадан кейін нәтижесін сырттай естіп жатамын, жақсы болып кетсе, маған қайта келмейді», — деді Мұхитдин Исаұлы.

Войдите, чтобы оставить комментарий