Прокуратура екі қызға қатысты қылмысқа жергілікті полиция мен әкімдікті айыптады

Прокуратура екі қызға қатысты қылмысқа жергілікті полиция мен әкімдікті айыптады
23.10.2025 10:35
0
158
фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған екі қызға қатысты жасалған ауыр қылмыстан кейін облыстық прокуратура жергілікті полиция мен әкімдікті салғырттық танытты деп айыптады. Бұл туралы «Уральская Неделя» басылымы хабарлады.

Бүгін өткен кеңейтілген алқа отырысында БҚО прокурорының орынбасары Азамат Құстанов Тасқала ауданындағы 5 жасар және Орал қаласындағы 10 жасар қызды зорлау істеріне қатысты жаңа деректерді жария етті. Алғашқы қайғылы оқиға 22 тамызда, ал екіншісі 29 қыркүйекте Оралдағы «Жәңгір хан» сауда үйі маңындағы орман алқабында болған.

Прокурор орынбасарының мәлімдеуінше, БҚО Полиция департаменті екінші балаға қатысты жасалған зорлық-зомбылық туралы ақпаратты жұртшылық пен БАҚ-тан жасырған.

Сонымен қатар, Азамат Құстанов Тасқаладағы учаскелік полицейдің әрекетсіздігіне де тоқталды. Оның айтуынша, учаскелік инспектордың салғырттығы бес жасар баланы зорлады деп айыпталған ер адамға сол күні көшеде емін-еркін ішімдік ішуге мүмкіндік берген, нәтижесінде ол осындай ауыр қылмысқа барған.

Прокурор орынбасары облыстағы көптеген мектепке баратын жолдардың қауіпсіз емес екенін мойындады. Атап айтқанда, Зашаған кентіндегі №20 орта мектеп маңындағы орман алқабы полиция мен әкімдіктің назарынан тыс қалған.

«Ол жерде полиция қызметі патрульдеу жүргізбеген, жарық орнатылмаған, орман ішіндегі ну жыныстар тазартылмаған», - деді Құстанов.

«Уральская Неделя» басылымының хабарлауынша, №20 мектепке баратын жол тек он жасар оқушыға қатысты сұмдық оқиға орын алғаннан кейін ғана тазартылған. Ата-аналар бұған дейін төрт жыл бойы биліктен оқушыларға қауіпсіз жол ұйымдастыруды сұрап келгенімен, олардың өтініштері ескерусіз қалған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий