Прокурор Алика Мұхамадиеваға 4,5 жыл сұрады

Прокурор Алика Мұхамадиеваны 4 жыл 6 айға соттауды сұрады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қарағанды. 17 қазан. Қарағандыда Threads әлеуметтік желісінде әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталған 22 жастағы Алика Мұхамадиеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы сотталушыға сұралған жаза мерзімін жария етті.
Қазыбек би ауданының прокуроры Фарида Садуова сотта Мұхамадиеваның кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Айыптаушы тарап оның ісіне шын жүректен өкінетінін және кішкентай баласының барын ескере отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Аталған бап бойынша ең жоғарғы жаза 7 жылға дейінгі мерзімді құрайды.
Еске сала кетейік, 2002 жылы туған Алика Мұхамадиева осы жылдың шілде айында Threads желісіндегі жазбалары үшін қамауға алынған болатын. 14 қазанда өткен алғашқы сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Бұл іс қоғамда үлкен пікірталас тудырған болатын. Бұған дейін белгілі журналист Әсем Ғұмарова да әлеуметтік желідегі жазба үшін адамды түрмеге қамауға қарсы екенін айтып, өз ұстанымын білдірген еді.
Соңғы жаңалықтар





