Путин маған Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтты – Тоқаев
Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысымен өткен кездесуіне де тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Назарбаев пен Путиннің кездесуі туралы алып-қашпа әңгімеге назар аудармайтынын жеткізді.
«Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты», - деді Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар